«Бапкер үшін әр шәкірті отбасындай». Седов Линдердің өліміне қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына пікір білдірді
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Сергей Седов Prosports.kz сайтына БАҚ беттерінде жарияланған ақпарат бұрмаланғанын айтты.
- Біріншіден, БАҚ-та жарияланған ақпарат бұрмаланғанын атап өткім келеді. Маған қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ол жерде жазылған қылмыстық іс өзін өлтіруге жеткізу емес, суицид бойынша қозғалды. Сол істе куәгер ретінде өттім.
Екіншіден, Альберт Линдерің өмірден өтуіне қайғырып көңіл айтамын. Өйткені әрбір бапкер үшін шәкірті отбасының бір мүшесі. Бірақ мені қаралауға тырысып жатыр. Тағы да кешірім сұрап, отбасының қайғысына ортақтасамын.
Үшіншіден, БАҚ-та жазылған Игорь Сонның мәдениет және спорт министрінің қабылдауында болып, оны бопсалап, қол жұмсады деп шағымданғаны шындыққа жанаспайды. Өйткені Игорь ешқандай шағым түсірген жоқ. Өзінен сұхбат алу артық етпес еді.
Prosports.kz сайтына белгілі болғандай, ауыр атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионы Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Әзірге қылмыстық істің не себепті жабылғаны белгісіз. Полиция спортшының өлімінен соң Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері Сергей Седовқа ҚР ҚК «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.
Фото: rus.azattyq.org