Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған қазақ күресінен турнир басталды
Түркістанда белгілі балуан, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир басталды.
Балуандар бозкілемге шықпастан бұрын Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы облыстық спорт музейі ұйымдастырған «Күш атасы – Қажымұқан» атты көшпелі көрме мен балуанға арналған «Жаһандық күш атасы» кітабының тұсаукесері өтті. Ал бәсекенің салтанатты ашылуы кезінде Қажымұқан туралы телефильм көрсетілді.
Кіл мықтылар бәсекесінде биыл елімізбен қатар Ресей Федерациясы, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келген 200-ден астам апайтөс саңлақ күш сынасады. Бұған дейін бұл халықаралық турнир өзінің деңгейінен түскен емес. Қажымұқан бабамыз қазақ күресін әлемдік аренада дамытқан бірден-бір тұлға.
Боз кілемде қарсылас шақ келтірмеген жеңімпазға бас жүлдеге – автокөлік беріледі. Турнирге Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушы Шаттық Қажымұқан арнайы келді.
«Керуен сарай» əмбебап орталығындағы «Арена шоу» ойын-сауық кешенінде өтіп жатқан турнир 26 қарашада аяқталады.