Серікжанов: Жоспар бойынша финалда күресемін деп ойлаған болатынмын
Оралда дзюдодан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Осы уақытқа дейін 66 келіде бақ сынаған ұлттық құрама мүшесі Шығыс Қазақстандық Ерлан Серікжанов биылғы ел біріншілігінде жаңа салмақта күресті. Бір бас жоғары салмақта татамиге шыққан ол үздік үштіктен көрініп, жарыстан кейін белдесуді Olympic.kz. сайтына қорытындылап берді.
- Жоспар бойынша финалда Жансай Смағұловпен бірге күресемін деп ойлағанмын. Өкінішке қарай, біз ойлағандай болмады. Жартылай финалда жас дзюдошы мені жеңіп кетті. Қарсыласымның (Данияр Шамшиев - ред.) денесі ірілеу, физикасы жақсы болды. Мен 66 келіден 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне енді ауысқандықтан жаңа салмақта қарсыластарымның арасында өзімді кішкентай сезініп қалдым.
Енді бұдан кейін физикалық тұрғыдан жұмыс істеп, 73 келіде күресетін дзюдошылар қатарына қосыламын деп ойлаймын.
Жарыста қарсыластардың ешқайсысын бөліп жаруға болмайды. Барлығы өте мықты. Әсіресе, жас дзюдошылардың саны артып келе жатқаны қуантады", - дейді Ерлан Серікжанов.
Айта кетерлігі, Ерлан Серікжанов 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жұбаныш белдесуінде ол Алматы облысының өкілі Бақытжан Абдрахмановты жеңді.