Қысқы

Биатлоннан Қазақстан командасы алдағы маусымға дайындалып жатыр

Биатлоннан Қазақстан командасы алдағы маусымға дайындалып жатыр
news-banner7
mobile-news-top

Биатлоннан Қазақстан командасы Олимпиада қарсаңындағы маусымда жазғы жиындарды аяқтауға жақын. Команданың бас бапкері Мақсат Шаранов биатлоншылардың қазіргі жай-күйіне тоқталып, Бейжің Олимпиадасына берілетін квоталар жайлы да толық түсіндіріп өтті деп хабарлайды Olympic.kz.

«Дәл қазіргі сәтте биатлоннан Қазақстан командасы Щучинск қаласындағы Олимпиадаға даярлау орталығында жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жиын аяқталған соң, 24-30 қыркүйек аралығында өтетін еліміздің жазғы біріншілігіне қатысамыз. Міне, осы бәсекемен біздің жазғы кезеңдегі дайындығымыз аяқталады. Ұлттық біріншілік біткен соң, 8 қазанға дейін Алматыда болып, спортшылардың тереңдетілген медициналық тексеруден өткіземіз. Кейін он шақты күн команда мүшелеріне демалыс береміз де, шетелдегі жаттығу жиындарын бастаймыз», - дейді бас бапкер.

Биатлоннан Қазақстан ұлттық құрамасы маусымдағы алғашқы шетелдік жиынды Австрияда өткізуді жоспарлап отыр.

«Австрияның Рамзон қаласында 18 қазан мен 1 қараша аралығында жаттығу жиынын өткізсек деген жоспарымыз бар. Бұл биік таулы аймақ. Биатлоншыларға бұл жиын ауадай қажет. Кейін сол жерге биатлон мен шаңғы спортынан әлем үздіктері келіп, интенсивті жаттығу жолдарымен бөліседі. Айтпақшы, дәл осы жерде біраз мәселенің басы шешіледі. Атап айтар болсам, спортшыларға жаңа маусымға арналған шаңғылар сатып аламыз. Оларды майлау секілді біршама жұмысты да сол жерде тындырамыз», - дейді жаттықтырушы.

Бас бапкер биатлоннан Қазақстан командасының Бейжің Олимпиадасына қатысатын мүмкіндігі туралы да айтып өтті.

«Әзірге, бізде алты квота бар. Бірақ бұл квоталарды біз сақтап қалуымыз керек. 16 қаңтарға дейін бізде нақты неше квота болатыны анықталады. Егер жақсы нәтиже көрсетсек, квота саны артады. Қазіргі таңда төрт қыз, екі жігітке берілген квота бар. Жігіттеріміз тағы да екі квота алса деген үміт жоқ емес. Ал қажетті ұпайлар бізге әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша беріледі.

Желтоқсан айында қысқы Универсиада ойындары да өтеді. Біздің командамыз жас болғандықтан, осы бәсекеге қатысуды да көздеп отырмыз. Кейін төрт жылда бір келетін Қазақстанның қысқы Спартакиадасы бар. Көптеген аймақтар жарысты өз деңгейінде өткізуге көмектеспекші. Бұл бізді одан әрі жігерлендіреді.

Әрине, біздің ең басты мақсатымыз - Олимпиада ойындары. Қазір бізге Ұлттық Олимпиадалық комитет пен өз федерациямыз үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сол үшін алғысымды білдіремін. Жыл басынан бері әр спортшыға жеке жаттығу жоспарын құрып бердік. Соған сәйкес жұмыс істеудеміз», - дейді бапкер.

Айта кетелік, биатлоннан биылғы маусымдағы әлем кубогі кезеңдері Швецияның Эстерсунд қаласында өтеді.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер