Футбол деген бір ғажап!

Жүктің жеңілін шетелдік, ауырын отандық маман арқалай ма?

Жүктің жеңілін шетелдік, ауырын отандық маман арқалай ма?
news-banner7
mobile-news-top

Футболдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріне қатысып жатыр. Қазірше төрт ойын өткізіп, екі ұпай еншіледі. Өзге кезде болса, мұны үлкен жетістікке балап, бапкер мен ойыншыларды жер-көкке сыйғызбай мақтар едік. Бірақ бұл жолы аяусыз сынап жатқандар көп. Неге? Өйткені, құраманы отандық маман жаттықтырып жүр.

Бізде осындай жаман әдет бар секілді. Жүктің жеңілін шетелдік, ауырын отандық маманға артамыз. Шетелдіктер түк тындырмаса да, келісімшарт мерзімі аяқталғанша жұмыс істейді. Ал өз бапкерлеріміз қылдай қателік жіберсе, ит қосып қууға дайын тұрамыз.

Әйтпесе, Талғат Байсуфинов бастаған біздің құрама биыл нашар өнер көрсетіп жатқан жоқ. Азулы Францияға қарсы (0:2) лайықты өнер көрсетіп, Украинамен екі мәрте тең түсті (1:1, 2:2). Одан да маңыздысы құрама ойынында бір жүйе, алға ілгерлеу байқалады. Бұған дейін Украинамен төрт рет ойнап, бәрінде ұтылған едік. Ал бұл жолы екі ойында екі ұпай алып отырмыз.

Топтағы төртінші матчта Финляндиядан (1:0) жеңіліп қалғанмыз рас. Көзсіз сыншыларға осы жеңіліс жақсы сылтау болды. 1 қыркүйекте Украинамен ойнаған құрама 4 қыркүйекте Хельсинкиге қонаққа барды. Футболшыларға үш күнде екі матч өткізу өте қиын. Оның үстіне 7 қыркүйекте Босния және Герцеговинамен тағы бір ойын бар. Ол да сырт алаңда. Бір аптада үш кездесуге қатысса, біздің ойыншылардың «шашылып» қалатыны анық. Тіпті мұндай тығыз кестеге Қазақстан құрамасы ғана емес, әлемдегі ең үздік құрамалар да дайын емес. Бәрі де ротация жасайды. Демек, Талғат Маруаұлының Хельсинкиде «қосалқы құрам» шығарғанын сынаудың еш жөні жоқ.

Украинаға қарсы ауыр матч өткізген ойыншылардың көбі шаршады. Үш күннен кейін тағы 90 минут жүгіру оңай болмайды. Бұл шешім біреулер айтып жүргендей,негізгі құрамды сақтап, Боснияны жеңу үшін емес. Өйткені Қазақстан қандай құраммен шықса да, Босния бізден бір бас жоғары құрама. Сол үшін Байсуфинов мырзаның атынан болжам жасап, Эдин Джеко бастаған жігіттерді қалпақпен ұрып алғалы отырмыз деп көсемсудің керегі жоқ. Ротация ойыншылардың қазіргі жағдайына сай жасалды.

Ресейлік сайттағы мақала

Бұл мақаланы жазуымызға кейбір БАҚ бетіндегі орынсыз сынап-мінеулер себеп болып отыр. Атап айтқанда, Sports.ru сайтының қазақстандық нұсқасында «Байсұфиновтың құрамасы. Неліктен бәрі біз ойлағандай тамаша емес» атты мақала жарияланды. Жанкүйерлерді жаңылыстырып, Талғат мырзаның жұмысына кедергі келтіруі мүмкін мұндай «ұшқары» жазбаға жауап бергенді жөн деп таптық.

Өйткені, бізге мақала орынды сын айтып, олқылықты толтырудан гөрі жөнсіз қаралап, бас бапкердің жұмысын ілікке алғысыз етіп көрсетуді мақсат еткендей көрінді. Бапкердің жеке басын сөз етіп болжам жасау, бапкердің атынан сөйлеу, тіпті қыжырту (популис дегенге дейін барған, фамилиясын да дұрыс жазбаған) бар.

Статистикаға статистикамен жауап

Автор Мерей Ерсайынұлы ең алдымен Байсуфиновтің башылығымен Қазақстан ресми ойында жеңіске жетпегенін айтыпты. Талғат Маруаұлы бас командамызды бастап 8 ресми матчқа қатысты. Бәрі де әлем чемпионатының іріткеу ойыны. Сол сегіз ойынның төртеуінде тең түсті. Жаман нәтиже емес. Қарсыластары кіл мықтылар. Франция, Польша, Дания, Румыния, Украина. Ең әлсіз дегені Черногория мен Финляндия. Олардың өзі ФИФА рейтингісінде үздік 50-60 құраманың қатарында. Ал Қазақстан 125-орында.

Салыстыру үшін айтсақ, мақтаулы Станимир Стоиловтің өзі біздің құраманы тізгіндеген тұста 6 ресми ойынға қатысып, бір-ақ рет жеңіске жеткен. Оның өзінде алақандай мемлекет Андорраны жеңді. Тіпті сол Андорраның өзімен бір мәрте тең ойнады. Жеңе алмай жүрген құрамалары - Грузия мен Латвия. Ал Байсуфиновтің алдында құраманы екі жыл жаттықтырған Михал Билек тұсында 4 ресми ойында жеңіске жеттік: Шотландия, Литва және Сан-Марино (екі рет). Шотландияны айтпасаңыз, өзге екеуін жеңдім деп желпінудің өзі артық. Ал Билек мырза жеңілген құрамалар тізімінде Беларусь, Албания, Кипр, Литвалар бар.

Бұл екі бапкер де Ұлттар лигасы деген тең деңгейлес құрамалар арасындағы жарысқа қатысты. Онда да еш нәтиже көрсеткен жоқ. Алғашқысы D лигасында екінші орын алса, екіншісі C лигасында төртінші орын алды. Егер Байсуфинов осы Андорра, Сан-Мариноларды жеңе алмай жатса, қалай сынасақ та жарасар еді. Мұны аз десеңіз, 2017 жылы Байсуфиновті орта жолда қызметінен алып, Ресейден шақырған Александр Бородюк деген бапкер 7 ойында бірде-бір жеңіске жете алмай кетті.

Талғат Маруаұлы құрама тізгінін 2016 жылы алғаш рет қолға алғанда ФИФА рейтингісінде 132-орында тұрдық, ал жыл соңында 98-орынға шықтық. Үлкен нәтиже. Үздік жүздікке ендік. Ал 2017 жылы, Бородюк баптаған тұста Маруаұлы шығарған биіктен бірақ құлап, 137-сатыға жайғастық. Одан кейінгі Стоилов пен Билек те 120-орыннан жоғарылата алмады. Ал біз айтып отырған автор Ерсайынұлы «Маруаұлы нәтиже көрсетсін» деп шарт қойып отыр. Егер 2017 жылы орынсыз қызметінен қуылмағанда, қазірге дейін нәтиженің үлкенін көрсетер ме еді...

Авторымыз «Қырғызстаннан (0:2), Черногориядан (0:5) және Даниядан (1:4) масқара болып ұтылып өз орнын дереу босатқан» деп бір тоқтайды. Қырғызбен өткен матч ешқандай статистика мен рейтингге әсер етпейтін, жолдастық кездесуден де дәрежесі төмен матч (өзара келісім бойынша матч барысында алты адам алмастырылды). Ал мықты ойыншылардан жасақталған Даниядан сырт алаңда 4:1 есебімен жеңілу анау айтқандай масқара емес. Нағыз масқара Байсуфинов қызметінен кеткен соң болды. Оның орнына келген Бородюк 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы 6 матчта 1 ұпай ғана алды (өз алаңымызда Армениямен тең ойнап). Ал Байсуфинов сол іріктеу кезеңінің алғашқы 4 матчында 2 ұпай алған. Армения секілді төмен деңгейлі командадан емес, Польша мен Румыниядан. Статистика керек болса, айттық. Кімді сынап, кімді қолдау керек екенін жанкүйер қауым өзі шешсін.

Автор «Украинаны екі кездесуде құдай қарасып сан соқтырдық» дейді. Бұл енді ел футболына жанашыр адамның сөзі емес. Украинамен елордада өткен ойында (2:2) қонақтар қақпаға 9 тура соққы жасаса, біздің жігіттер 6 мәрте тура тепкен. Олардың ойыншылары бір-екі мәрте гол соғатын сәттен мүлт кетсе, ондай мүмкіндік бізде де болды. Демек, бұл матч автор айтқандай «Құдай қарасқан» емес, тең нәтижеге әбден лайықты ойын деген сөз.

Әлем чемпионатына барамыз дегенді кім шығарып жүр?

Біз сөз етіп отырған мақала авторы да, кейбір жанкүйер қауым да Қазақстан құрамасы Катарға баруы керек деп жүрген секілді. Бұл мүмкін бе? Мүмкін емес десек те болады, өте қиын. УЕФА құрамында 55 құрама бар, оның 13-і ғана әлем чемпионатына жолдама алады. Сонда футболы мүлде кеш дамыған Қазақстан осы 13 құраманың бірі болады дегенді кім шығарып жүр! Мұндай ауыр талап неге бұған дейінгі шетелдік мамандарға қойылмаған? Неге отандық маман келгенде бірден әлем чемпионатына баруымыз керек бола қалды? Тіпті 55 құраманың 24-і қатысатын Еуропа чемпионатына да шыға алмадық, Ұлттар лигасында жеңілдік. Сол кезде бүгінгі сыншылардың өті неге жарылып кетпеген? Енді қазақ маманы құрама тізгінін ұстағанда қадамын аңдып, Алатаудай ауыр міндет жүктеп отыр.

Аталған мақала авторы қыза келе «отандық футбол тарихында биылғы іріктеу кезеңіндегі топтан қолайлы топ болған емес» деп айды аспанға шығарады. Сонда Франция, Украина, Финляндия мен Босния және Герцеговина әлсіз қарсыластар дегені ме? Мына сөзді айтқан адам не футболдан хабары аз, немесе арнайы тапсырыспен бапкер мен ҚФФ-ға қысым жасау мақсатында жазып отыр. Алысқа бармай-ақ, кейінгі екі чемпионатты айтайық. 2014 жылғы іріктеуде біздің топта Фарер аралдары болды, ал 2018 жылы Армениямен бір топта өнер көрсеттік. Биылғы топта мұндай құрама жоқ. Әлсіздеу деген Финляндия 56, Босния 58-орында тұр. Ендеше Талғат Маруаұлына «тарихтағы ең әлсіз топқа түстің, әлем чемпионатына қалай да шығасың» деп талап қоя аламыз ба?

Бізден де бір болжам

Автордың «жеңіліске бас жаттықтырушы аса қайғыра қоймағаны көрінді. Туған күні болатын» деп болжам жасағаны мүлде орынсыз. Кәсіпқой маман туған күні үшін емес, шәкірттерінің алаңда тәп-тәуір өнер көрсеткеніне, құрама ойынының түзеліп келе жатқанына қуанып отыр деп ойлаймыз. Катарға бармасақ, аспан айналып жерге түспесі анық. Құрманы жақсы жасақтап, алдағы Ұлттар лигасында, Еуропа чемпионатында жақсы өнер көрсетеміз.

«Бапкердің ротация жасағаны, дебютанттарды шығарғаны қате болды» деп кесім жасағаны да дұрыс емес деп есептейміз. Ойыншылардың жағдайы бапкерге белгілі. Бірінші ойында керемет ойнаған Юрий Логвиненконың Хельсинкиде де дәл солай көсілетініне кім кепілдік бере алады? «Валиуллиннің ойны жүріп тұрғанда, оның орнына Тәйкеновты шығарудың маңызы қаншалықты?» деген сұрақтың жауабы бүгін белгілі болды. Руслан Украинамен ойында жарақат алған екен, Босниямен кездесуге де шыға алмай қалуы мүмкін. Ендеше, істің жайын білмей жатып, бапкердің «жағасына жармаса кету» орынсыздау әрекет.

Екінші бір болжам, автор тілдік мәселе төңірегінде тоқталған екен. «Әу баста ана тіліміздің айналасындағы «айғайдан» соң белгілі комментатор Ермұхамед Мәуленге сұхбат берген Байсұфиновтың қасына көп ұзамай сол Ермаш та баспасөз хатшы болып орналасқаны тағы бар. Бәлкім, содан да болар, бас бапкердің кешегідей ашықтығының арқасында аса маңызды кездесудің алдында қарсыласқа барлық сырымыз аңырайып ашылып қалды» дейді. Мәні бұлыңғырлау осы абзацта автор не айтқысы келді екен? Ермұхамедтің федерацияға баруына Байсуфиновтен сұхбат алғаны әсер етті дегені ме? Әлде бапкердің «асыра ашықтығын» Ермашпен байланыстырғанына қарағанда, Маруаұлы мен Мәуленнің баспасөз жиынын мемлекеттік тілде өткізіп, кеңінен көсіле сөйлегенін ұнатпағаны ма? Осы жағы бізге жұмбақ болып тұр.

Сөз соңында айтарымыз, ҚФФ басшылары осындай аздаған «сыншылардың» сөзіне еріп, Байсуфиновті қызметінен алуға асықпаса дейміз. Көп санды қолдаушы жанкүйердің де пікірімен санасқан жөн. Өйткені, әлеуметтік желіде Талғат мырза келген соң, құрама ойыны жандана түскенін жазушылар көп.

Қуаныш Қаппас

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер