Басқа

Тарек Абдусаллам: Қазақстандық каратэшілер Токио Олимпиадасында сәтті өнер көрсетті

Тарек Абдусаллам: Қазақстандық каратэшілер Токио Олимпиадасында сәтті өнер көрсетті
news-banner7
mobile-news-top

Токио Олимпиадасында қазақстандық каратэшілер екі қола медаль жеңіп алды. Дархан Асаділов пен Софья Берульцева жылдың ең ірі спорттық жарысында үздіктер қатарынан көрінген болатын. Команданың кеңесші бапкері Тарек Абдусаллам турнирдегі спортшылар көрсеткішін қорытындылап, Токиоға апарар жолдағы қиын да қызықты сәттерді еске алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

- Каратэден Токио Олимпиадасында жеңіп алған тарихи жүлделермен құттықтаймыз. Команданың жетістігін қалай бағалайсыз? Олимпиада ойындарындағы көрсеткіш көңіліңізден шыға ма?

- Қазақстан командасы Олимпиадада өте жақсы өнер көрсетті. Біз бүкіл әлемге қазақстандық каратэшілердің үздіктер қатарына енетінін дәлелдедік. Айта кету керек, олимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі ең қиын іріктеу каратэден өтті. Қазақстан Египет және Түркиямен бірге Токио Олимпиадасына бес жолдама жеңіп алды (әйелдер екеу, ерлер үшеу). Біздің нәтижеге қанағаттанатын кезіміз сирек. Өйткені, үнемі жақсы жетістікке ұмтыласың. Десе де, спортшылар нашар өнер көрсетті деуге болмайды. Біз бүкіл каратэ тарихындағы ең ірі спорттық жарыстан жүлде алдық. Токиода каратэден жолдама алған кішкентай мемлекет болған жоқ. Қазақстанның екі медаль әкелгенін тарихи жетістік деп білемін.

Каратэ тарихта алғаш рет Олимпиада бағдарламасына ену үшін үлкен күш жұмсалды. ХОК каратэ-кумитэден бірнеше квотаны ғана бекітті. Бар болғаны 60 спортшы Олимпиадаға қатысты. Бұл 400 спортшы қатысқан дзюдомен, 128 атлет қатысқан таеквондомен, 300 спортшыдан қатысқан бокс және күреспен салыстыруға келмейді. 60 спортшы он салмақ дәрежесіне бөлінсе, әр салмақта он спортшыдан ғана бақ сынайды. Кейбір атлеттер үшін Олимпиада чемпионы атанғаннан гөрі, ойынға жолдама алу қиынырақ соқты.

Маман ретіндегі пікірімді айтар болсам, Қазақстан Токиодағы Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсетті. Өйткені, команда жас. 34 жастағы Дархан Асаділовтен басқалары 20-22 жаста.

- Қалай ойлайсыз, Софья мен Дарханға финалға шығу үшін не жетпей қалды?

- Бұл жерде біздің жүйеге тереңірек үңілу қажет. Дархан 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен атлет, ол өз салмағында көш басында тұрды. Алайда, Токиоға турнир жүйесіне сәйкес, біріктірілген салмақ дәрежесінде қатысты. 60 келідегі спортшы 67 келінің үздігімен алғаш рет кездесті. Әрине, біз осылай боларын білдік. Дегенмен, бәріміз үшін бұл үлкен тәжірибе еді. Жартылай финалда Дархан өзінен салмағы 7-9 келіге үлкен спортшымен кездесті. Мүмкін, осының салдары тиген шығар.

Софья туралы да осылай айтамын. Ол Токио Олимпиадасына дейін +68 келі салмақта сынға түсті. Ал Токиода +61 келіде бақ сынады. Берульцева +68 келіде Олимпиада жүлдесін алған жалғыз спортшы.

Жартылай финалда Софья да, Дархан да аз ғана ұпай айырмасымен ұтылды. Бұл кездесуде кез келген тарап жеңіске жететінін көрсетеді.

- Ал команданың жас спортшылары Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев және Мөлдір Жаңбырбайдың көрсеткіші туралы не айтасыз?

- Нұрқанаттың Токиодағы аяқ алысы мені қатты қуантты. Ол бар болғаны 19 жаста, Олимпиададағы ең жас каратэші де осы Нұрқанат. Әжіқанов топтық кезеңде болашақ Олимпиада чемпионын ұтып, тұрақты өнер көрсетті. Алайда, топтық кезеңнің де өз ережесі бар. Әлемдік рейтинг бойынша Италия мен Әзірбайжан спортшылары топта ең соңғы болып кездесті. Әзірбайжандық Рафаэль Агаев бәрін мерзімінен бұрын шешіп, жартылай финалға шығып алды. Ал италиялық спортшы үшін бұл кездесу аса маңызды еді. Осылайша, Нұрқанат топта үшінші орында қалып қойды.

Мөлдірдің де қарқыны жақсы болатын. Алайда, бір қатені екі кездесуде жіберіп, есепте алда тұрған жерінен ұтылды. Біз Мөлдірден көп нәрсе күттік, өйткені, дайындығы жоғары еді. Алайда, австриялық спортшымен өткен кездесуде жоқ жерден қате жіберіп, сол қателік топтағы бүкіл жағдайды шешіп кетті.

Ал Данияр өте ауыр топқа түсті. Шыны керек, осы салмақта А және В топтарында тепе-теңдік болған жоқ. Мамандар Даниярдың тобын «өлім тобы» деп атауы да дұрыс. Үшінші кездесуге дейін Даниярдың жартылай финалға шығатын мүмкіндігі болды. Бірақ рейтингте бірінші тұрған түркиялық спортшыдан жеңілген соң, медальдан үмітін үзді.

Маған командадағы қыз-жігіттердің ең соңғы секундқа дейін күресетіні ұнайды. Ешкім ең соңына дейін берілген жоқ. Сол себепті, Қазақстан командасы фавориттердің бірі болып саналды.

- Олимпиада ойындарындағы төрешілердің жұмысы көңіліңізден шықты ма?

- Шынымды айтсам, кейбір сәттердегі қазылар шешімімен келіспеймін. Олимпиадаға шақырту алған 15 төрешінің оны Еуропадан, үшеуі Азиядан, екеуі өзге құрлықтардан болды. Осыдан соң барлық алтынның еуропалық каратэшілер еншісінде кеткенінің себебін бағамдай беріңіз. Тек кумитэден бір алтын ғана азиялық спортшыға бұйырды. Бәрінен бұрын Нұрқанат мен германиялық спортшының арасындағы жекпе-жекте әділетсіздік болғанын айтқым келеді. Төрешілер екі рет біздің спортшыға тиісті ұпайын бермеді.

- Енді мұндай ірі жарыс қайталаны мүмкін бе? Каратэ үнемі Олимпиада бағдарламасында болу үшін не істеу керек?

- Каратэнің тұрақты түрде Олимпиада бағдарламасына енбегені біз үшін үлкен проблема. Жеке өз басым каратэнің неліктен олимпиадалық спорт саналмайтынына таң қаламын. Өйткені, каратэ әлемде ең көп таралған жауынгерлік спорт түрі. Шамамен 150 миллионға жуық каратэші бар әлемде. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, бокспен 30, таеквондомен 60, дзюдомен 40 миллион адам айналысады. Сондықтан, біздің спорттың неліктен мойындалмай отырғанына нақты жауап бере алмаймын. Бірақ болашақта каратэнің Олимпиада бағдарламасына қайта ораларына сенемін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер