Нұрислам Санаев: Олимпиадаға «алтын» үшін келген едім
Қазақстандық еркін күрес шебері Нұрислам Санаев Олимпиада ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль үшін өткен белдесуде болгариялық Георни Вангеловтан басым түсті.
- Кеше финалға жолдама үшін өткен айқас мен ойлағандай болған жоқ. Бірақ бүгін ойымды жинақтап, бар күтімді салып, қоланы жеңіп алдым. Олимпиадаға «алтын» аламын деп келген едім, бірақ үшінші орын бұйырып тұр екен.
Маған қолдау көрсеткен барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Үнді балуанына қарсы екі мәрте кездесіп, екеуінде де жеңілген едім. Ол өте мықты спортшы. Есепте алда тұрып жеңілдім. Өзімнің қалай жеңілгенімді түсінбей қалдым. Үнді балуаны мен үшін ыңғайсыз қарсылас. Ол өте шыдамды. Оған әдіс жасап, қайта шығуым керек еді. Бірақ ойлаған тәсілім жүзеге аспады. Оған қарсы барлық айқас маған қиынға соғады.
Бапкерлерім кешегі жекпе-жекті ұмыту керегін айтты. Оның үстіне салмақ қууда қиындық болды. Дегенмен жүлдегерлер қатарынан көрінгеніме қуаныштымын. Әрбір спортшы үшін бұл үлкен жетістік, деді балуан.