Сәкен Бибосынов: Халқымнан кешірім сұраймын, барымды салдым

Сәкен Бибосынов: Халқымнан кешірім сұраймын, барымды салдым

Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасының жартылай финалында жеңіліп, қола жүлдегер атанды. 52 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан боксшы ұлыбританиялық Джалал Яфаиге есе жіберді.

Жекпе-жектен соң көзіне жас алып, өкініштен өзегі өртеніп тұрғандай көрінді. Дегенмен өзін қолына алып Олимпиададағы нәтижесі жайлы пікір білдірді. 

- Мен үшін Олимпиада аяқталды. Қола бұйырып тұр екен. Алтынға бар күшімді салдым. Бірінші раундта қателік жібердім, бірақ екінші және үшінші раундта барымды салдым. Қазақ елінен, қазақ халқынан кешірім сұраймын. Бар мақсатым -  Токио төрінде әнұранымызды ойнату еді. Бұйырмай тұр екен. Бар күш-жігерімді салдым. Соңына дейін жұдырықтастым. Бірақ сәттілік жетпеді.

Жеке бапкерімнің қолдауы үшін алғысым шексіз. Бірінші өзіңді жеңбесең, қарсыласыңды ешқашан жеңе алмайсың деп күш-қуат берді. Бұл Олимпиада мен үшін арман боп қалуы мүмкін еді. Жолдамадан айырылып қалуға жақын болдым.

- Бірінші раундтан соң жоспарды өзгерттің бе? Тактика ауысқандай.

- Алғашқы раундтан соң бапкерім 5:0 жеңіліп жатқанымды айтып, бар күшімді салып, рингте соңғы демім қалғанға дейін жұдырықтас деді. Өзім жеңгендей әсерде болдым. Дегенмен алғашқы Олимпиадам. Алтын алар ма едім, әттең, қолаға қол жетті. 

- Жеңісіңді кімге арнайсың?

- Жүлдемді барша қазақстандықтарға арнаймын. Осы Олимпиадаға келген соң туған ағам қызды болды. Қарындасым туды. Жеңгем босанды. Айлин деген кішкентай қарындасыма да осы медалімді арнаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или