Грек-рим күресі

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Олимпиаданы қорытындылады

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Олимпиаданы қорытындылады
news-banner7
mobile-news-top

Токиодағы Олимпиада ойындарында грек-рим күресі шеберлерінің бәсекесі аяқталды. Аталған сын Қазақстан командасы үшін сәтті өткен жоқ. Команда сапынан сынға түскен үш спортшы да бірінші айналымда ұтылды.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген бас бапкер Бақтияр Байсейітов команданың нәтижесін сараптап, сәтсіздіктің басты себептерін және алдағы жоспарларын айтты.

«Команданың Олимпиададағы нәтижесіне қандай баға беруге болады? Әрине, көрсеткіш өте төмен. Біз қателіктермен нақты жұмыс істейміз, өйткені, команданың кемшілігі көп болды. Біз бір нәрсені түсіндік. Спортшыларға физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да көп қолдау қажет екен. Бапкерлер тапсырмасын орындай алмаған Мейрамбек Айнағұлов туралы айталық. Ол кілемге шығарда көзінде от болған жоқ. Сондықтан, қандай да бір нәтиже шығара алмады. Біз әрбір сәтті талқылап, стратегиямызды федерация және ҰОК-пен бірлесіп дайындаймыз.

Жадыраев туралы айтар болсам, ол бәрін жақсы бастады. Күші де, бабы да жақсы болған. Ел намысын қорғауға толық дайын еді. Бірақ екінші кезеңде қате жібере бастады. Біз айтқан кеңестерді мүлде естіген жоқ. Белдесудің бітуіне соңғы секундтар қалып, жапондық өз жеңілісін мойындай бастағанда қарсыласқа ұпай беріп қойды. Демеу де, басқалары да мұны әлі түсіне алар емес. Біз де сол белдесуде кейін өз өзімізге келе алмадық.

Нұрсұлтан Тұрсыновқа келер бослам, мен челлендж арқылы талап еткен екі ұпайды алғанда, жеңетін едік. Сол белдесуден өтіп кеткенде, ол жартылай финалға дейін жетуші еді. Оның әдісін бағаламады, челлендж сұрасам да, бізге ұпай берген жоқ. Нұрсұлтанда да бәрі жақсы болды. Бірақ төрешілер шешім күмән тудырады. Бұл спорт болған соң, жеңістің де, жеңілістің де қатар жүретіні бар.

Біз бұл ойынға ұзақ дайындалдық. Жаттығу жақсы өтті, дер кезінде ұшып келіп, климатқа бейімделдік. Бізге дайындалу үшін ештеңе де кедергі болған жоқ. Жігіттер де бабына енді. Әрине, мен олардан жақсы нәтиже күттім. Бірақ, болары болды. Десе де, қорытынды есеп дәл осылай болады деп ойлаған жоқпын. Осы орайда, біздің уақытылы жаттығу жиынын өткізуіміге септігін тигізіп, қолдау көрсеткен Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне алғысымды айтқым келеді. Федерация өкілдері Дәулет Тұрлыханов пен Анатолий Волохаға да көп рахмет! Серік Жұмашев, Григорий Камышенко, Георгий Цурцумиядан құралған бапкерлер кеңесіне алғысым зор.

Жедел жұмыс істейтін команда жетекшісі Абылайхан Қылышбаевқа, массажшы Әлішер Кенжебаев пен дәрігер Азамат Нұрматовтың да еңбегі орасан. Олардың барлығы осындай қиын заманда біздің Олимпиадаға алаңсыз дайындалуымызға үлесін қосты.

Енді алға жаңа мақсаттар қоямыз. Қыркүйек айында әлем чемпионаты күтіп тұр. Елге оралған соң тағы да қателіктермен жұмыс істеп, команданы әлем біріншілігіне дайындаймыз. Алға басу керек. Ел намысын қорғау үшін қайтадан жаңа күшпен келеміз. Әрине, командамен бірге лицензия иеленіп, үздіктер арасында сынға түскенімізге қуаныштымын. Өкінетін тұстарым да көп. Бірақ дәл қазір ештеңе өзгерте алмаймыз. Жігіттермен бірге жанкүйерлерді алдағы жарыстарда қуантуға тырысамыз.

Қазіргі нәтижені айта келе, ешкімді де кіналағым келмейді. Бұл жерде жүйе кінәлі. Бізде тәжірибесі аз жастар көп. Соларды іске қосатын уақыт келді. Енді жастарды бақылаймыз. Оларды жаттығу жиынына бұрынғыдай жиі шақыратын боламыз. Коронавирусқа байланысты біз бәрінің басын қосып, жаттығу өткізе алмадық. Осы олқылықты реттеу қажет. Жастар тәжірибелі спортшыларға бәселестік танытуы үшін жұмыс істейміз. Бізге таланатты жастарды табу керек. 2016 жылы жастар арасындағы әлемдік сында Темірлан Шадукаев қана жүлде алды. Содан бері тыныштық, топты бұзып-жарып келе жатқан жас жоқтың қасы. Азияда өзін жақсы көрсеткен Сұлтан Әсетұлы бар. Сол секілді жастарды қатарға қосуымыз керек. Бәрі алда. Біз еңсемізді түсірмей, одан әрі даму үшін күш саламыз. Бұл Олимпиада сәтсіз болса да, бізді жаңа жетістіктер, жаңа жарыстар күтіп тұр. Сол сындарға дайындаламыз», - дейді бас бапкер.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер