«Бізден жеңісті тартып алды»: грек-рим күресінен бас бапкер төрешілер шешімімен келіспейді

«Бізден жеңісті тартып алды»: грек-рим күресінен бас бапкер төрешілер шешімімен келіспейді

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Бүгін ел сапынан соңғы болып сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы айналымда германиялық қарсыласынан ұтылды. Белдесу аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов Olympic.kz сайтына төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді.

«Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тіктұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Олар, төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі.

Бас төреші, төрешілер координаторының ұлты - неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер болады. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін», - дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Тұрсынов Токио бозкілемін 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Екеуара кездесу 4:1 есебімен германиялық Денис Кудланың еншісіне шешілді. 

Фото: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или