Олимпиада-2020. Токиодан хабар
Басқа

Милад Карими - бағананы бағындырған гимнаст

Милад Карими - бағананы бағындырған гимнаст
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстанның Олимпиадаға үкілеп апарған спортшыларының бірі - Милад Карими. Prosports.kz тілшісі оның спорт гимнастикасына қалай келгені жайлы баяндап береді.

Милад Карими спорт табалдырығын үш жасында аттаған. Ол бір сөзінде отбасының спортшы болып қалыптасуына үлесі көп екенін айтқан: «Отбасым спортқа жақын. Ата-анам спортшы болып қалыптасуыма көп еңбек етті. Әкемнің ұлты - иран, ал анам - орыс. Әкем мен тумастан бұрын Алматыға көшіп келген. Сол себепті мені легионер деу қателік болар».

Бала Милад немере әпкесін қолдау үшін жарысқа келеді. Спорт кешенде тұрған түрлі жабдықтар оның назарын аударады. Өте белсенді болған ол спорт жабдықтарында ойнап, сол маңда жүрген жаттықтырушы Тахир Кашкулидің көзіне түседі. Кейіннен алғашқы бапкері болған маман Миладты спорт гимнастикасына алып келуі үшін біраз еңбектенген. Анасының қарсылығына қарамастан оны көндіріп, спорт мектебіне алып кетеді.

Спорт гимнастикасынан әлемнің он дүркін чемпионы, жапон спортшысы Кохэй Утимура мен Рио Олимпиадасының жүлдегері Давид Белявскийді үлгі тұтады.

15 жасқа толғанда Милад ұлттық құрама сапына алынып, ересектер арасында әлемдік турнирлерде бақ сынай бастады. Оқуын аяқтағанда ол ұзақ ойланбастан болашағын спортпен байланыстыруды шешкен: «Болашақ мамандығымды таңдайтын уақыт келгенде, ойланбастан «дене шынықтыру мұғалімі» мамандығына оқуға түстім», дейді спортшы.

Қазір Милад 22-де. Көп спортшылар бұл жаста алғашқы жүлделерін алып жатады. Бірақ Милад жастайынан көз түсті. Ол Қазақстан тарихында тұңғыш рет Дохада өткен әлем Кубогының кезеңінде жүлде алды. Сосын еркін жаттығудан Канадада өткен әлем чемпионатына қатысты. Бангкоктегі Азия чемпионатында үштіктен көрінді.

Мельбурнде өткен әлем Кубогының кезеңінде жүлдеге басты үміткерлердің бірі болатын. Өйткені іріктеу кезеңінде алдына тек қытай спортшысын жіберген. Өкінішке қарай, қоссырықта жасайтын жаттығуда қолын сындырып, жарысты жалғастыра алмады.

Дегенмен Милад мойыған жоқ. Жарақатынан жазылып, Олимпиада ойындарына лицензияны жеңіп алды. Дәл қазір ол Токио Олимпиадасында спорт гимнастикасынан үш финалға шығып, бақ сынап жатыр.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: olympic.kz, Сали Сабиров, Владислав Семенов

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер