Бокс

Болат Манкенов: Боксшыларымыз тактикалық арсеналын ұлғайтуы қажет

Болат Манкенов: Боксшыларымыз тактикалық арсеналын ұлғайтуы қажет
news-banner7
mobile-news-top

Astana Arlans бокс клубының бұрынғы президенті Болат Манкенов Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бақ сынаған боксшыларымыздың өнеріне бағасын беріп, сараптап берді.

*Болат Манкенов әуесқой мансабында КСРО чемпионатында екі мәрте және КСРО Кубогында жүлде алған. Халықаралық деңгейдегі спорты шебері. Ашық дереккөздерде мансабын 245 жекпе-жек өткізіп, оның 238-нде жеңіске жеткені жазылған. Әркездері ҚР кәсіби бокс федерациясында вице-президент және Astana Arlans бокс клубында президент қызметтерін атқарған.

«Әттеген-айлар көп болды. Шеберлік жағынан, аяқтың жүрісі жағынан жігіттерімізде мін жоқ. Бірақ та тактикалық тұрғыда қателік болды. Боксшыларымыз алдыңғы қолмен жиі соққы жасайды. Бокста «пулемет» тәрізді алдыңғы қол үнемі жұмыс істеп тұру керек. Өйткені қарсыласына ойлануға, қарымта соққы жасауға мүмкіндік бермейді. Сол жағынан алып қарағанда біздің боксшылар өзбек, латын америкалықтармен салыстырғанда сылбыр қозғалады. Сондықтан көп мүмкіндік береді.

Оның үстіне, қазір төрешілер қарымта соққы жасаған боксшыларға басымдық береді. Өйткені қазіргі бокс - кезіндегі кубалықтар секілді айқын басымдықпен жеңеді. Көп соққы, көп комбинация арқылы жеңіске жетеді.

Боксшыларымыздың жеңілу себебі - олар екі соққы жасайтын комбинациямен қарсыластың дистанцияна кіріп, орнында қалып қояды. Шабуылдан соң не шегінбейді, не жанға кетпейді. Салдарынан қарымта шабуылда соққыларды дарытып алады. Ең басты мәселе осы. Бұл бұған дейін де болған. Боксшыларымыздың физикалық жағы ақсайды.

Дайындықтың үш кезеңі бар. Бірінші оқу жаттығу жиыны жалпы физикалық жаттығуға бағытталған. Екіншісі - арнайы физикалық дайындық. Осы дайындық кезеңдерінде боксшыларымыз жақсы жаттықса, психологиялық тұрғыда мықты болар еді. Бапкерлер штабы осы қателіктерден сабақ алу керек.

Боксшыларды физикалық тұрғыда дайындайтын мықты ғылыми мамандар, биотехнолог дейміз, жоғары деңгейдегі дәрігерлер керек. Себебі жалпы физикалық дайындық кезеңі басталар алдында және соңында боксшылар қан сынамасын тапсырады. Осы арқылы дәрігерлер әр боксшының физиологиялық жағдайын тексереді. Сосын боксшыларға берілетін дәрумендерді, олардың ішетін тамағын қадағалайтын мықты спорт дәрігері керек. Бұл өте маңызды. Кезінде КСРО құрамасында ғылыми топта 12 маман жұмыс істейтін. Оның ішінде, биохимик, физиолог, диетолог бар еді. Мүмкін осы жағынан ақсап тұрған шығармыз.

Төрт боксшымыздың жарыс жолынан шығып қалуы еңсемізді түсіріп тастады, несін жасырамыз. Бірақ та бапкерлер штабы осыдан сабақ алып, қалған төрт боксшымызға нақты тапсырма береді деп сенеміз. Бастысы құрама ішінде дүрлікпей, байбалам салмай дайындалу керек.

Олимпиада - төрт жаһанның басты додасы. Сондықтан боксшылар шаршы алаңға соңғы жекпе-жегіне шыққандай болу керек. Бапкерлеріміз көп чемпиондарды дайындаған мықты, білікті мамандар. Тәжірибесі мол. Бірақ өзіміздің қателіктен жеңісті беріп қойдық. Осыдан бапкерлер қорытынды шығарып, қаламмен түртіп қояр деп сенеміз.

Жаттығу кезеңінде боксшыларымыз тактикалық арсеналын ұлғайтуға жұмыс жасау керек. Қарымта соққылар, алыс соққылар, қапталдан соққы жасауға бейімделу керек. Жалғыз техника мен әдемі бокспен мұндай додада жеңіске жету мүмкін емес. Біздің боксшыларымыз әдемі қимылдап, алда көп жүреді. Осының кесірінен қарымта шабуылға көп ұшырайды. Сондықтан кезіндегі кубалықтар секілді «тотальный» боксқа үйренісу керек».

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: olympic.kz, Тұрар Қазанғапов, Владислав Семенов, time.kz

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер