Олимпиада-2020. Токиодан хабар
Бокс

Бақыт Сәрсекбаев: Абылайханның жеңілуге құқығы жоқ еді

Бақыт Сәрсекбаев: Абылайханның жеңілуге құқығы жоқ еді
news-banner7
mobile-news-top

2008 жылы өткен Пекин Олимпиадасында «қазақтың салмағы саналған» 69 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған Бақыт Сәрсекбаев Токиода алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапқан Абылайхан Жүсіповтің өнеріне бағасын берді.

Айта кетейік, 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз Токиодағы алғашқы жекпе-жегінде америкалық Деланте Джонсонмен кездесті. Бұл жекпе-жекте 4:1 АҚШ спортшысы жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев LifeSport KZ YouTube-арнасына берген сұхбатында Абылайхан Жүсіповтің өнеріне бағасын беріп, қандай қателіктердің болғанын айтты.

«Абылайхан Жүсіповтің бірінші айналымда қарсыласына есе жібергені өкінішті-ақ. Жекпе-жекті көрдім. Бұған дейін айтқанымдай, Абылайхан қарсыласына өте ұзақ үйреніседі, ұзақ ойланады. Бірден бірінші нөмірмен жұдырықтасу қажет еді.

Қазір кім қалай жұдырықтасу жайлы айтудың қажеті шамалы. Оны бапкерлер шешуі керек еді. Болған іс болды. Жаттықтырушылар қателіктен сабақ алып, онымен жұмыс жасаулары қажет болатын. Бұған уақыт артығымен болды. Олимпиада кейінге шегерілді. Бұл бізге оң әсерін тигізе ме деп едім, бәрі керісінше болды.

Абылайхан шаршы алаңға шаршаңқы шықты. Сергек болмады. Өзінің әдетіне салып, ұзақ үйреністі. Бірде-бір қарымта шабуылды көргенім жоқ. Бапкерлер қателікпен жұмыс жасайды деп сенемін.

Бәрі «69 қазақтың салмағы» деп ойлайды. Бірақ олай емес. Өйткені, бұл салмақта бізде бәсекелестік жоғары. Сондықтан Олимпиада чемпиондары шықты. Бұл жерде Абылайханға психологиялық тұрғыдан бірдеңе жетіспегендей көрінді. Өзі қорытынды шығарсын. Олимпиадаға бару - үлкен жауапкершілік. Біз Абылайханды келесі кезеңде көреміз деп ойладық.

Бокста болжам жасау қиын. Абылайханның қарсыластарын қарап-ақ қиын болатыны түсінікті еді. Ол әлі жас, піспеген, тәжірибе аз. Абылайхан америкалық боксшыға қарсы ештеңе істей алмады. Қарсыласы ерекше ештеңе істеген жоқ. Тактикасын қолданып, соққы жасай берді.

Олимпиадада сенсация болары сөзсіз. Бұл да өз деңгейінде бір сенсация. Спортшы жеңіске жеткенде қолдайтындар көп, ал жеңілгенде жерден алып, жерге салады. Абылайхан өзі шешім шығаруы қажет. Ол екі Олимпиадаға барды. Алғашқысында әлі жас деуге болатын еді. Бірақ бұл жолы мұндай себеп болды деп айта алмаймыз.

Абылайханның жеңілуге құқығы жоқ еді. Бұл салмақта қанша Олимпиада чемпиондарымыздың шыққанын ескере отырып, оның қателесуге құқығы болмады. Бірақ оның бойындағы қателіктермен жұмыс жасалмаған. Бапкерлер әр жағдайдан қорытынды шығаруы керек еді».

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: ticketon.kz, olympic.kz, Тұрар Қазанғапов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер