Дзюдо

Максим Раков: Олимпиаданың екі медалі - керемет көрсеткіш

Максим Раков: Олимпиаданың екі медалі - керемет көрсеткіш
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан әлем және Азия чемпионы, екі Олимпиада ойындарының қатысушысы Максим Раков Токиода қола жүлде алған Елдос Сметовтің өнеріне қатысты пікір білдірді.

– Елдосты жүлде алуымен құттықтаймын. Жарады. Олимпиаданың екі медалі - керемет көрсеткіш.

– Қарсыластарын ненің арқасында жеңді?

– Бірінші кезекте, кәсібиілігінің арқасында дер едім. Ол тәжірибелі спортшы. Үлкен жол жүріп өтті. Финалға шығуға сәл жетпеді, дегенмен бұл - дзюдо. Қазақстанды Олимпиаданың алғашқы жүлдесімен құттықтаймын. Спортшыларымыз бұдан да көп жүлде алсын.

– Жартылай финалда Елдосқа не жетпеді? Жапон спортшысы шыдамдырақ болғандай...

– Бұл - күрес. Жапон спортшысы шыдамдырақ болды дей алаймын. Мүмкін жолы болған шығар. Дегенмен екеуі де мықты спортшылар. Бір-бірін өте жақсы біледі. Қарсылас өз жерінде, елінде күресті. Отаныңда қабырғаның өзі көмектеседі емес пе. Айқас теңдей болды. Бәрі көрді. Елдос мықты күресті.

– Елдос Такатоның осал жерін таба алмай келеді...

– Әркімнің ыңғайсыз қарсыласы болады. Елдос көп жапон спортшысын жеңген. Сондықтан бұған аса қатты назар аударудың қажеті жоқ. Медаль болғанына қуанымыз керек. Ал бұл жекпе-жектен қорытындынды бапкерлер штабы шығарады.

– Париж Олимпиадасына қатысты не айта аласыз?

– Ол тәжірибелі спортшы. Оған ақыл айтпаймын. Қазір өзін қалай сезінетінін, қандай бабында екенін білмеймін. Жарыстан соң демалып, қайта қалпына келсін. Сосын бапкерімен ақылдасып, ары қарай не істейтінін шешеді. Мен оны тек құттықтағым келеді.

- Басқа дзюдошыларымызға қатысты не айтасыз?

- Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада ойындарында күтпеген нәтиже көп тіркеледі. Бұл жерде көп нәрсе психологияға байланысты. Ал жігіттерімізге тек сәттілік тілеймін.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: olympic.kz, Жеңіс Ысқабай

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер