Олимпиада-2020. Токиодан хабар
Теннис

Зарина Дияс: Олимпиада жүлдесінен үмітім бар

Зарина Дияс: Олимпиада жүлдесінен үмітім бар
news-banner7
mobile-news-top

Халықаралық теннис федерациясы қалған квоталарды қайта бөлуді нәтижесінде қазақстандық теннисші Зарина Дияс Олимпиада жолдамасына ие болды. Токиоға табан тіреген теннисші Олимпиадаға дайындығы жайлы мен жарыста жүлдеден үмітті екенін айтты.

- Токиоға екі күн бұрын ғана келдім. Жеті сағат бойы әуежайда болдым. Кәдімгідей шаршатты. Оның үстіне Амстердамнан жарыстан соң ұшып келген едім.

- 2017 жылы Токиода өткен жарысты жеңіп алған едіңіз. Жапония сізге «жағады» деп айтуға бола ма?

- Иә, солай десе болады. Токионың атмосферасы ұнайды. Маған жағады. Бұл жаққа келгенде жақсы нәтиже көрсетемін.

- Олимпиада жолдамасын алғаныңыз туралы жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

- Әрине, өте қуандым. Өйткені басында рейтинг бойынша Олимпиадаға бара алмайтын едім. Жаңалықты естігенде қатты қуандым. Маған жігер бергендей болды. Көп теннисшілер Олимпиада бармайтын болғандықтан мүмкіндігім бар деп ойладым.

Жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Швейцариядағы жарыста кішігірім жарақат алдым. Дегенмен алдағы демалыс күндеріне дейін жарақатым жазылады деп ойлаймын.

- Олимпиада қалашығында спортшыларға қандай жағдай жасалған? Карантинге байланысты көп шектеулер бар дегендей...

- Біз бұған үйреніп қалдық. Олимпиада қалашығында бәрі керемет дей аламын. Тағамы жақсы, жаттығу залдары ыңғайлы. Токиода бәрі ұнайды. Тек ауа-райы ыстық демесеңіз.

- Олимпиадаға бәрі жүлде алуға келетіні анық. Кімді фаворит, кімді басты қарсылас санайсыз?

- Әрбір спортшының жүлде алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан кімнің фаворит екенін айта алмаймын. Өзім де жүлдеден үміттімін.

Ерлер теннисінде Қазақстанға жанкүйер болатыным сөзсіз. Олар қоржынға жүлде салады деген сенімім бар. Бұл тарихи жетістік болар еді.

- Токио теннис алаңдары таныс екенін айттыңыз. Дегенмен кордта дайындық бастап, үйреністіңіз бе?

- Бұрын қатысқан жарыстардан соң кордта өзгеріс болған. Жөндеу жұмысын жасапты. Доп қатты ұшады. Оған қоса, Жапонияға жазда келіп көрмеппін. Күздің өзінде ыстық еді. Дегенмен бұл барлық спортшылар үшін бірдей жағдай екені анық.

Жекелей сында Олимпиадада алты теннисші жүлде үшін таласады. Олар: Александр Бублик, Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Ярослава Шведова, Зарина Дияс, Михаил Кукушкин. Ал жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Бублик, Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова бақ сынайды.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: Dunlop Sports, WTA

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер