Олимпиада-2020. Токиодан хабар
Басқа

Мұңды Жапония: Токио Олимпиадаға қалай дайындалды

Мұңды Жапония: Токио Олимпиадаға қалай дайындалды
news-banner7
mobile-news-top

Олимпида ойындарының басталуына үш күн ғана қалды. Былтырмен салыстырғанда Жапонияда эпидемиологиялық жағдай аса жақсара қойған жоқ. Дегенмен Олимпиада ойындары өткелі жатыр.

Биылғы Олимпиада әлем жұрты күтетін спорт мерекесі бола алмасы анық. Өйткені Олимпиада дәстүрге айналған көп дүниеден қағылды. Ұйымдастырушылар жарыс басталмай тұрып жанкүйерлерге 3,7 миллион билет сатып үлгерген. Бірақ та жақында Олимпиада көрерменсіз өтетіні белгілі болды. Жапония билігі мен ұйымдастырушы комитет өршіп тұрған коронавирус қауіпін қорқып, бастапқыда көрермен санын шектеген. Алайда артынша жарыстың көрерменсіз өтетінін хабарлады.

Олимпиаданың көрерменсіз өтуіне жергілікті үкіметтің эпидемиологиялық ауруларға қарсы қызмет кеңесінің басшысы Сигэру Оми себеп болды. Ол пандемия басталғаннан Токиодағы дүбірлі доданың өтуіне қарсы болған. Егер Олимпиада кезінде эпидемиологиялық ахуал ушықса жарыс күні қысқаруы мүмкін.

Пандемия басталғалы Жапонияда ресми 800 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Токио әкімшілігі сәуір айында қалада төтенше жағдай жариялап, Олимпиадаға бір ай қалғанда уақытша тоқтатты. Бірақ Олимпиада аяқталысымен қайта жариялауды жоспарлап отыр.

Дамыған елдердің арасында Жапония жаппай вакциналауды кеш бастады. Бүгінгі таңда жапон азаматтарының тек 6,5% екпе алған. Әрине, бұл Олимпиада секілді үлкен жарысты өткізетін ел үшін жақсы көрсеткіш емес.

Елдегі 120 муниципалитет шетелден келген спортшыларды қабылдаудан бас тартқан. Бұған бөлек, көп спортшының өзі де жарысқа келмеуді шешкен. Ал 80 мың еріктінің он мыңға жуығы Жапонияға келмеді.

Халықаралық Олимпиада комитетінің ақпаратынша, Токиоға 11 090 спортшы келеді. Оның 80% вакцина алған екен. Қалған бөлігі алдағы уақытта алуға міндеттелген.

Спортшылар Олимпиадаға келген соң тек жаттығу залы мен жарыс кешеніне бара алады. Сыртқа шығып қала аралауға, базарлық алуға рұқсат жоқ. Олимпиадаға келген әрбір адам шекарадан өте салысымен жүріс тұрысын қадағалап отыратын Сосоа атты қосымшаны смартфонына жүктеуге міндетті. Журналистер де үкімет рұқсат еткен арнайы бағытпен ғана жүруге міндеттелген.

Осыдан бірнеше ай бұрын ғана Жапония билігі Олимпиаданы өткізуден бас тартуы мүмкін еді. Дегенмен соңғы сөз Халықаралық Олимпиада комитетіне тиесілі. Жарысты кейінге қалдыру не өткізбеу туралы шешімді ХОК қабылдайды.

Жарысты өткізуді дұрыс дейтін тарап спортшылардың маңдай терін, еңбегін айтады. Дегенмен көп нәрсені қаржы шешкен.

Ресми ақпаратқа жүгінсек, Жапония Олимпиаданы өткізуге $15,4 миллиард қаржы жұмсаған. Оның ішінде демеушілердің де, инвесторлардың да, жапон азаматтарының салығы да бар. Токио Олимпиадасы ең жомарт демеушілерінің арқасында тарихта қалмақ. Жапон компаниялары $3,3 миллиард қаржы берген.

Номура зерттеу институтының мәліметінше, Олимпиада мен Паралимпиада ойындарын өткізуден бас тартса жапон үкіметі $17 миллиард шығынға ұшырайды. Ал Халықаралық Олимпиада комитеті шығынның орнын толтырып, хабар тарату құқығын сатудан түскен $3,5–4 миллиард ақшаны қайтаруға мәжбүр болады.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер