Олимпиала
Токиодағы төртжылдықтың басты додасының басталуына 10 күн қалғанда спортшылар мен әр елдің делегациясы орналасатын Олимпиада қалашығының ресми ашылу салтанатты өтті. Жапониядағы карантин шараларының күшейтілуіне байланысты іс-шараға аз адам қатысты. Stan.kz тілшісі Токиодағы Олимпиада қалашығына саяхат жасады.
Әдетте алғаш келген спортшылар мен делегация өкілдеріне Олимпиада қалашығының ашылуы салтанатты түрде ұйымдастыру дәстүрге айналған. Алайда бұл жолы әлемдегі коронавирус ахуалына байланысты ұйымдастырушылар үлкен іс-шара өткізуден бас тартыпты.
Олимпиада қалашының ашылуы болған соң Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах ұйымдастырушы комитеттің басшысы Сэйко Хасимотомен кездесіп, Жапонияның байрақты бәсекеге дайындығын жоғары бағалады.
«Бәріміз бір қайықта отырып бір бағытта жүзіп келеміз. Өйткені біздің ортақ мақсатымыз бар. Ол – Олимпиада ойындарын ешкімге қауіп төндірмей өткізу», — деп атап өтті Томас Бах.
Қалашықта бірнеше асхана бар. Спортшылар өзін бабында ұстау үшін фитнес-орталықтары ашылған. Тыйым салынған препараттарды анықтауға арналған допинг-тексеріс пункті бар. Сондай-ақ коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР-тест тапсыратын орын мен инфекиялық стационар да орналасқан. Олимпиада ойындары тамыз айының 9 аяқталады. Жапония билігі жарыс аяқталған соң барлық қатысушыға елде қалуға екі тәулік уақыт берген. Демек, спортшылар Жапония шекарасынан 11 тамызға дейін шығу қажет.
Олимпиада қалашығының тарихына тоқталсақ. Іргетасы өткен жылы қаланған. Бірақ күні бүгінге дейін бос тұрды. Олимпиада аяқталған соң тұрғын үйге айналып, Токионың бір ауданы болады. Жалпы, Олимпиада қалашығында 3 880 бөлме бар, әрқайсысына сегіз спортшыға дейін сыяды.
«Жапониядағы Олимпиада қалашығының басқаларынан аса айырмашылығы жоқ. Тек бұл жерде коронавирус карантиніне байланысты тыйымдар мен ережелер көп. Спортшылардың жаттығуына дейін кесте сызылған.
Бүгінгі таңда Қазақстанның 95 спортшысы мен делегация мүшелері Олимпиада қалашығына орналасуға рұқсат алды», – дейді Қазақстан ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Ұйымдастырушылар жапон менталитетіне тән экологияға ерекше назар аударған. Олимпиада қалашығында көп нәрсе қайта өңделген материалдардан жасалған. Мысалы, төсектер картон қағаздан, ал матрас пластиктен жасалыпты.
Спортшылар жарыс кешендеріне Жапонияның ірі Toyota компаниясы өндірген автономды e-Palette көлігімен барады. Электрлі шаттлдар Олимпиада қалашығының ішінде, жаттығатын орындар мен жарыс кешендеріне арнайы бағыт бойынша жүреді. Бұл спортшылардың өзара кездесуін болдырмай, барынша байланысатын адамдар санын қысқарту мақсатында жасалған. Бөлмелерде, жаттығу залдарында ауа әр 15-20 минут сайын тазарып отырады.
Фитнес-орталықтарда, жаттығу залдарында вирус жұқтыру қауіпін азайту мақсатында жаттығу құрылғыларының арасын әйнектей пластикпен бөлінген. Спортшыларға арналған тамақ мәзіріне міндетті түрде жапонның ұлттық тағамдары мен өнімдері қосылған.
Жарыс басталған соң спортшылар мен делегация мүшелері әр үш күн сайын ПТР-тест тапсырады. Оң нәтиже көрсеткендер Олимпиада қалашығының сыртында орналасқан қонақ үйде карантинге жатады. Қазірдің өзінде ұйымдастырушылар тәулігіне 80 000 тест өңдеуге әзірленіп жатыр.