Ерлан Алпысбаев: Әлем чемпионаты жас дзюдошылар үшін тәжірбие жинауға жақсы мүмкіндік
6-13 маусым күндері Венгрияның Будапешт қаласында дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Осыған орай, Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев Olympic.kz сайтына дүниежүзілік біріншілікке кімдер қатысатынын айтты.
<span> "Бүгін біз Алматы қаласында әлем чемпионатының алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиындарымызды бастадық. Әлем біріншілігіне құрама сапынан сегіз дзюдошы барады. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Отгонцэцэг Галбадрах пен Абиба Әбужақынова, 52 келіде Нұрсұлу Ералиева, ал 57 келіде Севара Нишанбаева қатысады. Қазақстан сапынан 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ешкім қатыспайды. 70 келіде қос дзюдошы белдеседі. Атап айтқанда, Зере Бектасқызы мен Мөлдір Нарынова Будапешт татамиіне шығады. 78 келіде ел құрамасынан ешкім күреспейді. Тиісінше, аса ауыр салмақта, 78 келіден жоғары салмақ дәрежесінде екі татами шебері бақ сынайды. Осы салмақта Камила Берліқаш пен Назгүл Маратова белдеседі. </span>
<span>Будапешт татамиінде барлығы сегіз балуанымыз белдеседі. Соның ішінде Отгонцэцэг Галбадрах пен Севара Нишанбаевадан үміт жоғары. Биыл Абиба Әбужақынова да өте жақсы күресіп, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Биылғы әлем біріншілігіне қатысатын қыздарының басым бөлігі жастар құрамасының спортшылары. Сондықтан, бұл дода спортшыларымыздың әлем біріншілігіне қатысып, тәжірибе жинап алуына өте жоғары мүмкіндік болмақ", - дейді бас бапкер Ерлан Алпысбаев. </span>