Мәнерлеп сырғанау: қызықты 10 дерек

Мәнерлеп сырғанау – әрі әдемі, әрі күрделі спорт түрі. Өнер атаулының дарыннан бөлек қажымас қайрат пен тынымсыз еңбекті талап ететіндігі секілді мәнерлеп сырғанауда да табысқа жетемін деген адамға үлкен төзімділік қажет. Тарихы сонау қола дәуірден басталатын осы спорттың отанын әдетте Голландия деп атайды. Себебі, дәл Нидерланд елінде XII-XIV ғасырларда металл кескіші бар конькилер жасала бастаған. Ал археологиялық зерттеулердің нәтижесі алғашқы конькилердің жануарлардың сүйегінен жасалғанын (Одесса маңынан табылған) және олардың қалың қарда қозғалу үшін қолданылғанын көрсетеді. Тәуелсіз Қазақстанда бұл спорт негізінен 2011 жылғы қысқы Азиададағы Денис Теннің жеңісінен соң ерекше қарқын алды.

Атауына келетін болсақ, қызғалдақты елде спортшылар мұз үстінде сырғанай жүріп әр түрлі кескіндерді салуға тырысқан. Сол кезеңнің мәнерлеп сырғанаушыларына да қойылатын басты талап – бас пен иықты тік ұстау.

* Cпорт ретінде мәнерлеп сырғанау ресми түрде 1871 жылы мойындалып, алғашқы жарыс 1882 жылы Вена қаласында ұйымдастырылды. Араға 26 жыл салып, нақтырағы, 1908 жылы қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді.

* Бір қызығы, 1838 жылы-ақ мұзда сырғанауды үйрететін «Қысқы қызықтар және конькимен мұзда жүгіру өнері» атты оқулық жарық көрген екен. Кітап авторы – Петербордағы әскери-оқу орындарының бірінде гимнастикадан сабақ берген Г.М.Паули есімді мұғалім.

* Мәнерлеп сырғанаушы бойжеткендер қысқа белдемше киюді ХІХ ғасырда бастаған. Ұлыбритания ханшайымы Мэри көйлектерді жартылай қысқартып, аталмыш спортқа жаңа сән енгізеді. Айтпақшы, түрлі-түсті теледидар пайда болғанға дейін комментаторлар спортшылардың киімдерін суреттеп отырған.

* Мәнерлеп сырғанау жеке және жұптық болып бөлінеді. Алайда мұның көпшілік біле бермейтін тағы бір түрі бар. Онда мұзға екі жұптан төрт адам шығып өнер көрсетеді. Мұндай жарыстар әдетте АҚШ пен Канадада ғана өтеді.

* Мәнерлеп сырғанаудың алғашқы ережелері 1772 жылы, яғни британ артиллериясының лейтенанты Роберт Джоунс «Конькиде сырғанау туралы трактат» атты кітабынан соң пайда болды. Автор өз шығармасына 1742 жылдан бері жинақтаған қағидаларды енгізген.

* Бастапқыда спорттың бұл түрімен тек ерлер айналысқан екен. 1891 жылы Гамбургте тарихтағы ең бірінші Еуропа чемпионаты түндігін түреді. Онда жеңіс неміс Оскар Улигтің еншісінде кетсе, 1896 жылы Санкт-Петерборда ұйымдастырылған тұңғыш әлем чемпионатында тағы бір неміс спортшысы –Гилберт Фукс жеңіс тұғырына көтерілді.

* Ал нәзікжандылар мәнерлеп сырғанауда тек 1901 жылдан бақ сынай бастайды. Оны ерлер арасында таласқа түсіп, табысты өнер көрсеткен ағылшындық Флоренц Мадлен Сайерстің еңбегі дегеніміз жөн. Кейіннен көпшілікке Медж Сайерс есімімен танымал болған бойжеткен әлем чемпионаты мен Олимпиадада жеңімпаз атанған алғашқы әйел ретінде тарихта қалды.

* Бүгінгі жағдай өзгерек десек те, кезінде мәнерлеп сырғанауға Англиядағы қызығушылық айтарлықтай болған. Тіпті, король Джеймс ІІ Голландияға арнайы барып, жергілікті мәнерлеп сырғанаушылардың дайындығын зерттеп жүреді екен.

* Ағылшын жазушысы Вальтер Скотт та спорттың бұл түрімен әжептеуір әуестенген. Өзі қызығушылық танытып қана қоймай, әуесқой спортшылар арасында тұңғыш бәсекелерді ұйымдастыруға да атсалысқан. Неміс ақыны Вольфганг Гетенің мәнерлеп сырғанауға біртабан жақын болғандығына шығармаларындағы суреттеулер дәлел. Жазушылар арасында ресейлік Лев Николаевич Толстойдың да осы спорттың жақтаушысы екендігін оның еңбектерінен оқып-білу қиын емес. Айталық, «Анна Каренина» романында жазушы мұзайдында өзіне ерекше әсер сыйлаған сәттер туралы жазады.

* Бүгінде қысқы спорттың Шығыс Азия елдерінде де қарқынды дамып келе жатқандығы байқалады. Әсіресе, солардың арасында мәнерлеп сырғанаудың шоқтығы биік. Бұған былтырғы Сочи Олимпиадасында әлемдік рекордты жаңартқан Жапонияның өрімдей спортшысы Юдзуру Ханюдің көрсеткішін мысал ретінде айтса жеткілікті. Төртжылдықтың бас додасында Ханю қысқа бағдарламада 101,45 ұапай жинады. Айтпақшы, бұған дейінгі рекорд та осы жапон жігітіне тиесілі екендігін тілге тиек ете кеткен жөн.

Мәдина Асылбек, «Sport» газеті

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или