Күрес

«Деңгейі осы». Бас бапкер күрес түрлерінен соңғы лицензиялық турнирді қорытындылады

«Деңгейі осы». Бас бапкер күрес түрлерінен соңғы лицензиялық турнирді қорытындылады
news-banner7
mobile-news-top

Күрес түрлерінен Токио Олимпиадасының жолдама беретін соңғы турнир Қазақстан командасы үшін сәтсіз аяқталды. София кілемінде Қазақстан командасы күрестің үш түрінен жеті лицензияға таласқан болатын. Өкінішке қарай, балуандар алысқа барған жоқ. Olympic.kz Болгариядағы сәтсіздік себебін бас бапкерлерден сұрап, спортшылардың төмен көрсеткішіне көз жүгіртті.

Еркін күрестен Қазақстан командасы алты салмақтың бесеуінде жолдама жеңіп алды. Төрт салмақ дәрежесіндегі лицензия 2019 жылғы әлем чемпонатында, тағы бір салмақтағы жолдама Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде қоржынға түскен. Әсет Серікбаев шәкірттерінің алдында тек қана 86 келідегі олқылықтың орнын толтыру мақсаты тұрды. Алайда, екі мүмкіндікті де былтырғы ел чемпионы Азамат Дәулетбеков пайдалана алған жоқ. Болгарияға аттанар алдында бас бапкер таңдаудың неліктен Азаматқа түскенін айтқан болатын.

"Азамат Алматыда өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде үшінші орын иеленді. Ал жарыс ережесі бойынша, жолдама тек жеңімпаз балуанға беріледі. Бұл салмақтағы басқа балуандарды да сүзгіден өткіздік. 86 келідегі Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Есқали Дәулетқазы биылғы Азия чемпионатына қатысты. Бірақ жүлделі орыннан көріне алған жоқ. Сол себепті, бапкерлермен ақылдаса келе, осы салмақтағы ел үздігі Азамат Дәулетбековті соңғы лицензиялық турнирге қатыстырамыз деп шештік", - деді Әсет Серікбаев.

Демек, бұл салмақта Дәулетбековтан басқа үздік спортшы болмағандықтан, бапкерлер соңғы лицензиялық турнирге Азаматты алып барды. Алайда, оның әлеуеті тек ширек финалдық белдесуге дейін ғана жетті.

Софияда Дәулетбеков алдымен Венесуэла, кейін Германия балуандарын жеңіп, ширек финалда Әзірбайжан өкіліне есе жіберді. Жарыс аяқталған соң пікір білдірген бас бапкер жолдама алатын мүмкіндік болғанын айтады.

«Бәрі де Азаматтың өз қолында болды. Бапкерлер өз тарапымыздан бар көмекті көрсеттік. Жүз пайыз жолдама алатын жері еді. Бір сөзбен айтқанда, Дәулетбековке Токио ойындарына қатысу бақыты бұйырмады», - дейді Әсет Серікбаев.

Қазақстан әйелдер командасы сапынан Софияда үш балуан белдесті. Алтынай Сатылған (57 келі) мен Айна Теміртасова (62 келі) турнирдің бірінші айналымында ұтылса, 68 келідегі Жамиля Бақбергенова жартылай финалда тізе бүкті. Бас бапкер Нұрлан Аманқосов бұрымды балуандардың қазіргі деңгейі осыған жететінін жасырмады.

«Әр балуан да өз деңгейінде күресіп шықты. 57 және 62 келіде екінші нөмірлі балуандарды апардық. Бұған дейін Алматыда өткен іріктеу турнирінде бірінші нөмірлі спортшылар ұтылып қалған болатын. Айна да, Алтынай да өз шамасы жеткенше күресті. Әзірге, олардың биігі осы ғана. Ал Жамиланың финалға шығатын мүмкіндігі бар еді. Төрешілер де қарсыласқа бүйрек бұрды. Енді үш лицензияны қанағат тұтамыз», - деді бас бапкер.

Осылайша, Қазақстан әйелдер командасы күрестен мүмкін болған алты жолдаманың үшеуін еншілеп, Токиода үш салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер