Балуандар әулеті. Қазақ күресінен жетелеп жүргендер
Қазақ жанына ең жақын спорт саласы – күрес. Ұлттық спортымыз қазақ күресімен бірге самбо мен дзюдодан кәсіби спортшы әрі жаттықтырушы болып, қазақ күресін де жоғары деңгейге жеткізіп, елу жылдан астам еңбек еткен көрнекті қайраткер Темірхан Бисенқұлы туралы, өмірі мен қызметі, ізбасарлары мен шәкірттері жайлы жазуды жөн көрдік.
Әйгілі тарихи тұлғалар Шоғы батыр, Рақ, Қияқ батырлардың тікелей ұрпақтары бүгінгі Бисенқұл әулеті – қазақ халқына белгілі балуандар династиясына айналды. Әлемге әйгілі әулетте бұл дәстүрді қалыптастырған – Қазақстанға еңбегі сіңген спортшы, дене тәрбиесі мен спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ардагер Темірхан Бисенқұлы. Ол 1950 жылы 5 ақпанда Түрікмен ССР Ташауыз облысы Көнеүргеніш ауданының Захметкеш ауылында дүниеге келген. 1976 жылы Ташкенттегі дене тәрбиесі және спорт институтын бітірді. Сол оқу орнының жолдамасымен Орта Азия темір жолы білім беру мекемесіне қарасты Жаслық стансасындағы темір жол мектебіне дене тәрбиесі пәнінен оқытушы болып жұмысқа келеді. 1978-1980 жылдары Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық спорт мектебінде жаттықтырушы болды. 1981-1990 жылдары Мұнайлы, Бейнеу аудандарында аудандық спорт комитетін басқарды. 1991-1995 жылдары Маңғыстау облыстық спорт комитеті басшысының орынбасары, 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Маңғыстау облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының дзюдо және қазақ күресінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарды. Самбодан спорт шебері. Маңғыстау өңірінде қазақ күресінің кәсіби спорт түрі ретінде қалыптасып, дамуына негіз қалаған Темірхан Бисенқұлы 2005-2013 жылдары Маңғыстау облысының қазақ күресі федерациясының президенті, 2011 жылдан қазақ күресінен Азия федерациясының құрметті мүшесі болды.
Самбо күресінен жастар арасында Әлем чемпионын, Қазақ күресінен Азия чемпионын және жүлдегерін, бірнеше ҚР чемпиондарын дайындады. 3 Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 21 ҚР спорт шеберін шығарды. «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы». ҚР туризм және спорт министрлігі «Дене тәрбиесі мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» және Маңғыстау облысының әкімдігі «Маңғыстау облысына 35 жыл» медальдарымен марапаттаған.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, інілері мен ұлдары және немерелері де қазір елге танымал спортшылар.
Ардагер спортшы Темірхан Бисенқұлы 2019 жылы 17 наурыз күні дүниеден өтті. Сол жылы 14-15 маусым күндері Т.Бисенқұлы атында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ашық республикалық турнир өтті. Оған барлық облыстар мен мегаполистерден 22 команда, жалпы саны 350 жас балуан келіп қатысып, нәтижесінде жаңа есімдер анықталды.
Темір-тренер Темірханның тәрбиелеп шығарған алғашқы шәкірттерінің бірі – үйінің ең кенжесі, өз інісі Кенжебай Бисенқұлы. Ол 1967 жылы 9 маусым күні Қарақалпақстан Республикасы, Қоңырат ауданында дүниеге келген. Ата-анасы Бисенқұл мен Балбөпеден тоғыз ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Темірхан – үйдің үшінші ұлы, ал Кенжебай – он бірінші баласы. Кенжебай Бисенқұлы мынадай естелігімен бөлісті:
Бір күні Темірхан көкем ауылға келіп, әкеме маған қолқа салып, осы кенже інімді бер, өзім оқытамын, үйлендіремін, артыма еретін ізбасарым болады деп сұрап алды. Содан мен 1982 жылы Бейнеу елді мекенінде Ы.Алтынсарин орта мектебінің 9-сыныбынан оқуымды жалғастырдым. Бұрын да мектепте жүріп спорт түрлерімен шұғылданған болатынмын. Бейнеуге келіп қазақ күресінен алғашқы бапкерім Темірхан көкеміздің жетекшілігімен жаттығуды бастадым. Облыс жеңімпазы, 1984 жылы 10-сыныпта оқып жүргенімде ересектер арасында Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатысып, ІІІ орынға ие болып, аудан бойынша спорт шебері разрядын алдым. Мектеп бітірген 1984 жылы Алматыдағы дене тәрбиесі институтына түстім. Әскерде болдым. Институт бітірген соң, ауылға келіп, көкемнің қасында бапкер болып, еңбек жолымды бастадым.
2003-2013 жылдары Бейнеу ауданық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет еттім. 2013 жылдан бастап Ақтау қаласында Ш. Бөлтекұлы атындағы жоғарғы спорт шеберлік мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы, ересектер арасында облыс құрама командасының аға бапкері міндетін атқардым. 9 спорт шеберін, 30-дай спорт шеберіне үміткер балуандарды дайындадым. Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақ күресінен Азия федерациясының төсбелгісі мен ҚР мәдениет және дене шынықтыру министрлігінің «ҚР спорт саласындағы құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталдым. Зайыбым Зәуре – мұғалім. Екі қызым, бір ұлым бар. Ұлым Бисенқұлов Нұрсұлтан да әулет жолын жалғастыруда. Жоғары білімді бапкер.
Қабыл Темірханұлы Бисенқұлы 1977 жылы 13 наурызда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында туған. 1984-1994 жылдары Бейнеу аудандық Ы.Алтынсарин атындағы мектептен бастап, Ақтаудағы қазақ-түрік лицейінде оқып бітіріп шықты. 1994-1998 жылдар арасында Ш. Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде компьютерлеу менеджері мамандығын алып шықты. Одан кейін ҚР спорт және туризм академиясын бітірді. Қазақ күресімен 1990 жылдан бастап айналысып, 2000 жылы ҚР спорт шебері нормативін орындады. Жаттықтырушысы – өз әкесі, ҚР еңбегі сінген жаттықтырушы Темірхан Бисенқұлы.
Күресте 1998 жылдан бастап, Ақтау қаласы дзюдо және қазақ күресінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етеді. 2004 жылдан бастап қазақ күресінен Маңғыстау облысының аға бапкері. 2002-2006 жылдар арасында С.Қонаев, Р. Қосақбаев, Қ. Бурбасов, Н. Бабатов сияқты шәкірттері жасөспірімдер және жастар арасында ҚР чемпионаттарының жеңімпазы болды.
2006 жылы Ұлан-Батор (Моңғолия) қаласында өткен қазақ күресінен Азия чемпионатыда Әділ Бисенқұлы Азия чемпионы атанды. 2008 жылы Ресейдің Орск қаласында қазақ күресінен Әлем чемпионатында Қайрат Бурбасов қола жүлдегер болды. Осындай жемісті еңбектерінің арқасында Қ.Бисенқұлы қазақ күресінен «Қазақстан Республикасының еңбегі сінген жаттықтырушысы» атағына ие болды. Қазір шәкірттерінің шәкірттері – Мейрамбек Жаңабай мен Нұрдәулет Жарылғапов күрес түрлерінен топ жарып жүр.
Әділ Темірханұлы Бисенқұлы 1982 жылы 14 қазанда Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының Маңғыстау кентінде туған. Дзюдо және қазақ күресімен 10 жасынан бастап айналысқан. Дзюдодан 1997-1998 жылдары жасөспірімдер арасында, 1999 жылы жастар арасында Қазақстанда және Францияда, Германияда өткен халықаралық жарыстардың чемпионы. 2000 жылы Самбодан жастар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. 2003-2006 жылдары қазақ күресінен Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, 2005 жылы Ресейде өткен Азия чемпионатының, Астана қаласында әлемнің 17 мемлекетінің балуандары қатысқан Елбасы жүлдесі үшін өткен халықаралық жарыстың жүлдегері болды. 2006 жылы Моңғолияда өткен қазақ күресінен Азия чемпионатының чемпионы. Дзюдодан спорт шебері, самбо және қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Қазақ туризм және спорт академиясын бітірген. Ақтау қаласындағы дзюдо және қазақ күресі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы. Ізбасар шәкірттеріне күрестің түрлі қыры мен сырын үйретуде. Республикалық және халықаралық додаларда жасөспірім балуандардың жеткен жетістіктері аз емес. Мысалы, Әділдің шәкірттерінен Айбек Имашев және Бағнұр Мырзай республикалық және халықаралық турнирлердің чемпиондары.
Нұрсұлтан Кенжебайұлы Бисенқұлы 1995 жылы 27 сәуір күні Бейнеу ауданында дүниеге келген. Әке-ағаларның ізбасары Нұрсұлтан да тоғыз жасынан қазақ күресімен шұғылдана бастады. Спортта біраз жетістіктерге жетіп, бүгінде бапкерлік қызметін атқаруда. Ол дзюдо және қазақ күресінен спорт шебері, ҚР чемпионаттарының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қазақ күресінен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері. Дзюдодан Еуропа кубогының екі дүркін қола жүлдегері. Орта білімді сегізінші сыныпқа дейін Бейнеу мектебінде оқып, тоғызыншы сыныптан бастап Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатында жалғастырады. Спорт интернатта жүріп біраз жетістіктерге жетті. 2012 жылы мектеп бітіріп Ш. Есенов атындағы КМТИУ-дің туризм және спорт мамандығына түседі. Оқуын сәтті аяқтап, қазіргі таңда Бисенқұловтардың басты мамандығы бапкер-жаттықтырушы қызметінде жұмыс істеуде. Осы кәсіп оның жанына жақын, кішкентай кезінен әке-ағаларын көргенде, ол да солар сияқты боламын деп армандайды екен. Әкелері мен ағалары сол кезде оның кумирі болған, еліктеген. Қазір өзі де сол кісілердің ізбасары.
Балуандар әулеті Бисенқұл ұрпақтарының төртінші буыны – Шоғы Қабылұлы мен Дәулет Әділұлы да алғашқы жетістіктерімен ата даңқын асқақтатуда. Қазірдің өзінде жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздар атанып үлгерген жас балуандарға жауырындарыңыз жерге тимесін, тіл мен көзден аман болыңыздар, бабыңыз бен бағыңыз арта бергей деп тілейміз. Балуандар әулеті негізін қалап, қалыптастырып, дамытып келе жатқан Шоғы батыр атындағы Маңғыстау облыстық спорт мектебінен олимпиада чемпиондары шыға бергей.
Айбек МҰХАНОВ