Георгий Цурцумия Олимпиада лицензиясын ала алмады
Афиныдағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 13 жылдық үзілістен кейін бозкілемге оралған 40 жастағы Георгий Цурцумия Алматыдағы Азия іріктеу кезеңінде Олимпиада ойындарына лицензия ала алмады, деп хабарлайды<span> </span>Prosports.kz.
9 сәуірде Балуан Шолақ атындағы Алматы спорт сарайында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Токиода өтетін Олимпиада ойындарына құрлықтық іріктеу басталды. Іріктеу бағдарламасын грек-рим стиліндегі палуандар ашты. Олимпиадаға іріктеу күрестің әр түрінен алты салмақта өтеді. Олимпиада лицензиялары тек жарыстың финалистеріне беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатында қазақстандық грек-рим күресінен балуандар екі лицензия жеңіп алған. Сол кезде әлем чемпионатының 60 келідегі қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов пен 77 келіде 5-орын алған Асхат Ділмұхамедов лицензия иеленген.
Алматыда біздің палуандар жетіспей тұрған төрт квотаны алуы керек еді, бірақ 87 келідегі жарыстың финалына шығып, автоматты түрде лицензия алған Нұрсұлтан Тұрсынов қана бұл міндетті орындай алды.
Аса ауыр салмақта (130 кг) Қазақстанның атынан грек-рим күресінің ардагері, Олимпиада жүлдегері, төрт дүркін Азия чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы Георгий Цурцумия қатысты. Барлық болжамға қарамастан, Цурцумия бірінші айналымда болашақ финалист оңтүстіккореялық Ким Минсукке есе жіберіп, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. 130 келіде екінші финалист және Олимпиада лицензиясының иегері өзбек спортшысы Муминжон Абдуллаев болды.
Сондай-ақ, 67 келіде Мейіржан Шермаханбет пен 97 келіде Олжас Сырлыбай да олимпиадалық лицензияны ала алмады. Осылайша, Алматыда өткен турнирден жалғыз лицензияны 87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов қана еншіледі.
Олимпиадаға жолдама алудың соңғы мүмкіндігі 6-9 мамыр аралығында Болгарияда өтетін әлемдік іріктеу турнирінде болады.
Грек-рим күресінен Алматыдағы турнирде лицензия еншілеген елдер:
60 кг: Қытай – Қырғызстан
67 кг: Оңтүстік Корея – Иран
77 кг: Қырғызстан – Жапония
87 кг: Қазақстан – Қытай
97 кг: Иран – Қырғызстан
130 кг: Өзбекстан – Оңтүстік Корея
10 сәуірде әйелдер күресінен жарыс өтеді. Олар 50-53-57-62-68-76 келіде сынға түседі.
Фото ҚР ҰОК