Бокс

Фируза Шәріпова: Ерте ме, кеш пе, Очигаваға қарсы жекпе-жек өтеді

Фируза Шәріпова: Ерте ме, кеш пе, Очигаваға қарсы жекпе-жек өтеді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық боксшы Фируза Шәріпова Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында Юлия Чернобородоваға қарсы кездесуі, Париж Олимпиадасына қатысуға деген ниеті туралы айтты.

— Жеңісіңізбен құттықтаймыз. Юлия Чернобородоваға қарсы жекпе-жек қаншалықты ауыр болды?

— Мен үшін жекпе-жек онша қиын болған жоқ, өйткені мен солақай боксшыға бағытталған ұзақ жаттығудан өттім. Командама дәл осындай қарсылас таңдағаны үшін рақмет. Осының арқасында жекпе-жекте қиындықтар мен сұрақтар туындаған жоқ.

— Неге бұл қарсыласты таңдадыңыз, бұрын оны жеңіп едіңіз ғой?

— Мен София Очигавадан реванш алуым керек еді. Дебютімде одан жеңіліп қалған едім. Сонымен қатар, Софияның WBC Silver белбеуі бар, бұл оны абсолют әлем чемпионы Кэти Тейлормен кездесуге міндетті үміткер етеді. Әрине, мен осы белбеудің бәрін алғым келеді, сондықтан біз Софиямен аралық жекпе-жек өткізуге келістік.

Алайда соңғы сәтте бұл жекпе-жек өтпей қалды. Үш айлық дайындық текке кетпеуі үшін менеджерім маған жылдам жаңа қарсылас тапты. Юлия солақай, үшеуіміздің бойымыз бірдей, мен онымен жекпе-жекте Очигавамен кездесуге дайындағанымды қолдана алдым.

Софья Очигава и Фируза Шарипова

Софья Очигава и Фируза Шарипова

Словакиялық қарсылас та болды, бірақ олар құжаттарды тез дайындап, Ресейге ұшып келе алмады. Сондықтан, амал болмады.

— Софья Очигаваға қарсы реванш өте ме?

— Ерте ме, кеш пе, Софья Очигаваға қарсы өтеді. Мақсатымыз бір — абсолют әлем чемпионы титулы. Сондықтан міндетті түрде кездесеміз.

— Сіз өнер көрсететін Нұр-Сұлтандағы бокс кеші туралы айтыңызшы. Ұйымдастырушы кім, ол жерге қандай боксшылар келеді?

— Турнир 6 шілдеде - Елорда күні және Қазақстанның тұңғыш президентінің туған күніне жоспарланған. Андеркарт ең үздік болады, керемет жекпе-жектер өтеді, оларды іріктей бастаймыз. Турнирдің ұйымдастырушысы - менің менеджерім Сергей Завилейский.

— Кейінгі кездері Ресейде жұдырықтасып жүрсіз. Ол жақта бәрі ұнай ма?

— Маған жекпе-жектер ұсынып, гонорар төлейтін болған соң Ресейде жұдырықтасамын. Қаражат болса, Қазақстан мен шетелдерде үлкен жекпе-жектер жоспарлаймын.

— Пандемияға байланысты көптеген боксшы бос жүр. Ресейде осы жекпе-жектің бәрін ұйымдастыру қаншалықты қиын болды?

— Командам мен менеджеріме қолдау көрсеткені үшін рақмет. Мен жұдырықтасқан кейінгі турнирді «М13» промоутерлік компаниясы мен спорттық жекпе-жекті насихаттайтын «Отечество» қоғамы ұйымдастырды. Бұл адамдар пандемияның барлық қиындығына қарамастан, спортшыларға бокс кештерін өткізеді.

— Нұр-Сұлтандағы бокс кешінен бөлек биыл тағы қандай жоспар бар?

— Санкт-Петербургте, Нұр-Сұлтанда және Сочиде жекпе-жек өткізу жоспарда бар. Шетелде де өнер көрсеткім келеді. Жоспарлар әрқашан үлкен, бірақ пандемияға байланысты бәрі орындала бермейді. Менің қазіргі негізгі мақсатым - абсолют әлем чемпионы атану. Ал екінші мақсат - 2024 жылғы Париж Олимпиадасының «алтын медалі».

Еске салайық, Фируза Шәріпова Қазандағы бокс кешінде ресейлік Юлия Чернобородованы техникалық нокаутпен жеңген болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер