Қанат Ислам Уолтер Каутондоквамен жекпе-жек алдында уланды ма?

Қазақстандық боксшы Қанат Ислам 2019 жылдың қазан айындағы бокс кешінің алдында белгісіз затпен уланған, деп хабарлайды Prosports.kz сайты «Қазақстан спортының үні» Телеграм-арнасына сілтеме жасап.
2019 жылы 19 қазанда Ислам Алматыда өткен бокс кешінде Уолтер Каутондоквамен кездесті. Бұл жекпе-жекте Қанатқа тиесілі бірінші орта салмақтағы WBO Inter-Continental белбеуі сарапқа салынады. Он раундтық кездесу соңына дейін жалғасып, төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жетті.
Осы аптада жекпе-жектен бір күн бұрын Исламның белгісіз психотроптық затпен уланғаны белгілі болды. Боксшы өзін жайсыз сезінген, бірақ бәрібір шаршы алаңға шықты. Кейінірек Қанат Ислам ағзада психотроптық заттардың бар екендігін көрсететін сынақтардан өтті. Оның айналасындағылар боксшыға бұл заттар бөтелкедегі су арқылы берілуі мүмкін деп санайды.
Келесі бір жарым жыл денсаулығын қалпына келтіруге жұмсалды. Ислам биыл ақпан айында ғана рингке оралып, АҚШ-та Джейсон Миндуді техникалық нокаутпен жеңді.