Ой қорыту
Күрес

Олимпиадада грек-рим мен еркін күрестен Қазақстан намысын кім қорғайды?

Олимпиадада грек-рим мен еркін күрестен Қазақстан намысын кім қорғайды?

Биыл XXXII жазғы Олимпиадада еркін күрес 1-7 тамыз, грек-рим күресінен бәсекелер 1-4 тамыз аралығында өтеді. Мәдениет және спорт министрлігі байрақты бәсекеге баратын балуандардың тізімін жариялады.

Еркін күрестен ерлер алты, әйелдер алты салмақта, грек-рим күресінен 6 салмақта тек ерлер кім мықтыны анықтайды. Жалпы 18 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

Токио Олимпиадасында еркін күрес пен грек-рим додасын 1989 жылы 9 қазанда ашылған «Макухари Мессе» конференц-орталығы қабылдайды. Сонымен қатар бұл кешенде таэквондо (А залы) мен семсерлесу (В залы) спортынан да додалар өтеді. Түрлі кездесу мен көрме өткізуге арналған нысан трибунасына 6 мыңнан 8 мыңға дейін жанкүйер сияды.

Грек-рим күресі

Грек-рим күресі 1986 жылы Афиныда өткен алғашқы олимпия ойындарынан бастап 2016 жылға дейінгі аралықта тек ерлер арасында 27 рет өтіпті. Биыл Жапония астанасында ерлер ғана бақ сынайды. Осы аралықта қатысқан 101 мемлекеттің 47-сінде жүлде бар. Жалпы 2649 атлет 601 медальді (193 алтын, 195 күміс, 213 қола) сарапқа салған.

Жүлде бойынша көш басында тұрған құрамалар:

1. КСРО – 60 (34 алтын, 16 күміс, 10 қола);
2. Швеция – 58 (20+17+21);
3. Финляндия – 58 (18+21+19);
4. Венгрия – 39 (16+12+11);
5. Ресей – 26 (12+7+7);
...
31. Қазақстан – 6 (1+1+4);

Еркін күрес

Еркін күрес алғаш рет Олимпиада бағдарламасына 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында қосылған. Ал әйелдер арасында 2004 жылдан бастап өткізіліп келеді. Токиода 27-ші рет бұл спорт түрінен төрт жылдық басты додасында атлеттер жарыс көркін қыздырады. Осы уақытқа дейін жалпы 120 мемлекеттің бозкілем шебері бақ сынап, 52 ел жүлдеге ие болған.

Жүлде бойынша көш басында тұрған елдер:

1. АҚШ құрамасы – 113 медаль (49 алтын, 36 күміс, 28 қола)
2. КСРО – 56 (28+15+13)* қазір Ресей құрамасының нәтижесі бөлек есептеледі
3. Жапония – 56 (28+14+14)
4. Түркия – 39 (18+12+9)
5. Ресей – 34 (17+9+8)
...
30. Қазақстан – 11 (4 күміс, 7 қола);

Барлығы 2926 спортшы қатысып, 683 жүлде жиынтығы сарапқа салынған (216 алтын мен күміс, 251 қола).

Еркін күрестен 2019 жылғы Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша олимпиада жолдамасын иеленген спортшылар:

1. Нұрислам Санаев (2014 жылға дейінгі есімі – Артас Санаа) 1991 жылы 9 ақпанда Ресей Федерациясы, Тува Республикасының Чадан қаласында дүниеге келген. Қазір Ақтөбе облысының атынан 57 килограмда өнер көрсететін спортшының үздік нәтижелері: Азия чемпионатының қола жүлдегері (2017), Азия чемпионы (2018), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019).

2. Дәулет Ниязбеков 1989 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 65 килограмм салмақта белдесетін спортшының үздік нәтижелері: Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), екі дүркін Азия чемпионатының қола жүлдегері (2017, 2019), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019).

3. Данияр Қайсанов 1993 жылы 18 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 74 килограмм салмақта күш сынасатын спортшының үздік нәтижелері: Азия ойындарының күміс жүлдегері (2018), екі дүркін Азия чемпионы (2019, 2020), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019)

4. Әлішер Ерғали 1999 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысында дүниеге келген. 97 килограмм салмақта ел намысын қорғайтын балуанның үздік нәтижелері: Азия чемпионатының қола жүлдегері (2019, 2020), 2019 жылы өткен Әлем чемпионатында 5-ші орынға тұрақтаған.

5. Валентина Исламова 1992 жылы 18 наурызда дүниеге келген. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған, 50 килограмға дейінгі салмақта бақ сынайтын спортшының үздік нәтижелері: Азия чемпионатының қол жүлдегері (2019, 2020), Әлем чемпионатының қол жүлдегері (2019).

6. Эльмира Сыздықова 1992 жылы 5 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. 76 килограмға дейінгі салмақта белдесетін спортшының үздік нәтижелері: Азия чемпионатының қола жүлдегері (2014, 2018, 2020), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2015, 2016), Олимпиада (2016) мен Азия ойындарының (2018) қола жүлдегері.

Грек-рим күресінен 2019 жылы өткен Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша олимпия ойындарына жолдама алған спортшылар:

1. Мейрамбек Айнағұлов 1994 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 60 килограмда күш сынасатын атлеттің үздік нәтижелері: Азия чемпионатының қола жүлдегері (2016, 2018), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2017), Азия чемпионы (2018), Азия ойындарының қола жүлдегері (2018), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019).

2. Асхат Ділмұхамедов 1986 жылы 26 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. 77 килограмда өнер көрсетеді. Үздік нәтижелер: Азия чемпионатының қола жүлдегері (2011, 2016), Азия чемпионы (2018). Сонымен қатар 2019 жылы өткен Әлем чемпионатында 5-ші орын алған.

Түпнұсқасы: gov.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0