Қырғызбаев: Жарақатымнан толық айықпасам да, намысқа тырысып күрестім
Қазақстандық дзюдошылар Тель-Авив татамиінде бақтарын сынап жатыр. Әлемдік «Grand Slam» жарысының бірінші күнінде Қазақстан қоржынына қола салған Ғұсман Қырғызбаев белдесуді қорытындылап, сұхбат берді.
Спортшының айтуынша, ол әлі жарақатынан толық айықпаған.
- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әдеттегідей, қарсыластың барлығы таныс, осал емес. Жарыс барысында төрт белдесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жеткеніммен, жартылай финалдық жолдаманы сарапқа салғанда қарсыласыма есе жібердім. Ширек финалда әзірбайжандық балуан мені жолдан ығыстырды. Давуд Маммадцоймен осы уақытқа дейін екі рет кездестім. Әбу-Дабиде және Венгрияда өткен «Grand Slam» жарыстарында айқын басымдықпен жеңген болатынмын.
Осыған дейінгі жарыстарда жаттығуымыз тыңғылықты, бәрі ойдағыдай болса да жүлдеге іліне алмай жүрдік. Карантинде жарысты сезіне алмағанымыз да рас. Қазір осы режимге үйреніп, бейімделіп қалдық.
Қандай жарысқа болмасын екінші, үшінші орын аламын деп келмейсің. Тек алтыннан алқа тағып, елімді қуантып, көк байрақты көкте желбіретсем деген ниетпен келесің. Менің жарыс алдындағы мақсатым да осындай болған еді. Өкінішке қарай, бұл жолы қоламен шектелдім.
Осыған дейін Катарда өткен «Masters» турнирінде ресейлік қарсыласым ауырту әдісін жасап қолымды тартқанда, кішігірім жарақат алып қалдым. Одан кейінгі жаттығу жиындарында қолыма күш түсірмес үшін татамиде жаттығу жасай алмай, тек физикалық тұрғыдан дайындығымды шыңдап жүрдім. Қазір толық айықтым деп айта алмаймын. Десе де, намысқа тырысып, Тель-Авив татамиінде бір қолмен күресіп шықтым.
Әрине, жарыс барысында қателіктер болды. Бүгінгі жүлдені алуыма жаттықтырушыларымыз бен құрама дәрігерінің еңбегі орасан зор. Елге барғаннан кейін осы жарыстағы белдесулерді саралап, бұдан да жоғары дәрежеде күрес көрсету үшін тағы да қатемен жұмыс істейтін боламыз, - дейді Ғұсман Қырғызбаев.
Айта кетерлігі, Ғұсман Қырғызбаев 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде «Grand Slam» жарысының қола жүлдегері атанды. Аталған әлемдік дода 20 ақпанға дейін жалғасады.