Серікбаев: Мақсат - Олимпиада ойындарына жолдаманы түгелдеу
Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрама командасы жаңа маусымның алғашқы оқу-жаттығу жиынына кірісті. Бас бапкер Әсет Серікбаев жаңа маусымның жоспары аталған жиында жасақталатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, бас бапкер Olympic.kz сайтына берген сұхбатында Алматыда өтетін құрлықтық іріктеу турнирі мен Азия чемпионатына кімдердің қатысатынын да тілге тиек етті.
Мақсат – Олимпиадаға тағы екі жолдама алу
«Қазақстан құрамасының алға қойған мақсаты – жолдаманы түгелдеу. Сәуір айында Алматы қаласында құрлықтық іріктеу турнирі мен Азия чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда бізде еркін күрестен Олимпиада ойындарына төрт жолдама бар. Енді қалған екі салмақ дәрежесінде жолдаманы еншілесек, Олимпиадаға ұпайымыз түгел болады. Соңғы мүмкіндікті қолдан жібермес үшін барымызды салып, дайындаламыз», - дейді бас бапкер Әсет Серікбаев.
Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының төрт балуаны 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатында Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Атап айтқанда, 57 келіде әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген Нұрислам Санаев осы салмақ бойынша жолдаманы да жеңіп алды. 65 келіде вице-чемпион болған Дәулет Ниязбеков ел құрамасына кезекті жолдаманы әкелсе, 74 келіде бесінші орынға табан тіреген Данияр Қайсанов үшінші, 97 келіде қолаға қол созым жерде қалған Әлішер Ерғали төртінші жолдаманы Қазақстанға тарту етті.
Қазақстан құрамасы енді 86 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жолдаманы жеңіп алуды көздеп отыр.