Смағұлов: Ел біріншілігінде жақсы нәтиже көрсету үшін аянып қалмаймын
Ертең, 18 желтоқсан дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталады. Ел құрамасының мүшелері жылдың маңызды жарысына соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. 73 келіде татамиге шығатын Жансай Смағұлов жарысқа дайындығы мен турнирдің маңыздылығы туралы айтты.
- Ел біріншілігіне дайындық жақсы. Қазақстан чемпионатының алдында екі оқу-жаттығу жиынын өткіздік.
Ел чемпионатына өз салмақ дәрежемде күресемін. 73 келіге дейінгі салмақтағы белдесулер өте тартысты болғалы тұр. Әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген қос балуан Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов осы салмақта бақтарын сынап көрмекші. Олар осы уақытқа дейін 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен болатын. Бұдан бөлек, осы салмақта өте мықтағы мықты балуандар да бар. Өз кезегімде, мен де аянып қалмаймын.
Карантиннен кейінгі екінші жарысымыз болғалы тұр. Тоғыз ай татамиге шықпай, Венгрияда жарысқа қатыстық. Одан кейін, міне, Қазақстан чемпионатына қатысқалы отырмыз. Ел чемпионаты біз үшін өте жауапты жарыс. Алдағы жаңа маусымға дайындығымызды пысықтап, қандай формада екенімізді осында білеміз. Қаңтарда әлемдік турнирге қатысуды жоспарлап отырмыз. Соған байланысты Қазақстан чемпионаты екі айлық жаттығуымыздың қаншалықты нәтижелі болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, осы байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша әрі қарай не жетпейтінін көріп, сол бойынша жұмыс істейміз.
Ұлттық құрама мүшелерінің бәрі Қазақстан чемпионатына бір салмақ жоғары күресейін деп жатыр. Мен ғана өз салмағымда күресуді жөн көрдім. Бапкерлермен ақылдаса отырып, осындай шешімге келдік. Себебі, дәл осы салмақта маған не жетіспейтінін көріп, білу керек, - дейді Жансай Смағұлов.