Ғалымжан Жылгелдиев: Мақсатымыз - білгенімізді бізден кейінгі буынның бойына сіңіру

Ғалымжан Жылгелдиев: Мақсатымыз - білгенімізді бізден кейінгі буынның бойына сіңіру

Кеше дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасына жаңадан бас бапкер тағайындалды. Ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев жауапты тағайындау туралы Olympic.kz сайтына пікір білдірді.

«Бас бапкер болу өте үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Қаншама жыл жаттықтырушы болып, тер төктік. Бүгінгі тағайындау соның өтеуі де шығар. Саналы ғұмырымызды спортқа арнап келе жатырмыз. Сондағы мақсатымыз – Қазақ елінің балуандарын биік белестерге шығару, білгенімізді бізден кейінгі буынның бойына сіңіру, үйрету.

Шәкіртінің жоғары жетістікке қол жеткізгені әр адамның, әр жаттықтырушының арманы ғой. Ұлттық құрамадағы барлық жаттықтырушының арманымыз да дәл осындай. Шәкірттерімнің арасында Елдос (Сметов) озса, бұдан кейін құрамадағы спортшылардың әрқайсының Елдостай әлемді бағындырып, Олимпиадада атой салғанын қалаймын.

Спорт бір орында тұрмайды. Дзюдо да күн өткен сайын өзгеріп, алға жылжып отырады. Өз кезегінде, біз де бір орында тоқтап қалмай, әрі қарай тынбай еңбектенеміз.

Әріптесім, командамыздың бұрыңғы бас бапкері болған Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметін жалғастыра алмайты туралы шешім қабылдады. Осы лауазымға мені лайық көргендерге шын ризашылығымды білдіремін. Олимпиада кезеңі басталғаннан Айдын Құдайбергенұлы дзюдошыларды баптап, әлемдік рейтингте жоғарғы орындарға тұрақтауына үлкен септігін тигізді. Дәл осы жолды әрі қарай жалғастырып, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенемін. Өз кезегінде Айдынның спорттан алыстамай, ортамызға оралады деп үміттенемін», - дейді бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или