Науатбек: Тамаша көңіл күймен жаттығуды бастауға дайынбыз
<span>Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Команда мүшесі Ақмарал Науатбек ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жаттығу жиынының қалай өтіп жатқаны туралы айтты. </span>
<span>- Бұл біздің ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы оқу-жаттығу жиынымыз. Жиын басталған күні бәріміз ПТР-тестін тапсырып, бес күн карантин аймағында болдық. Ұлттық құрама мүшесінің барлығының тест нәтижесі таза болып шықты. </span>
<span>Толық жаттығуымызға бүгін кірісеміз. Жоспар бойынша жаттығу жиыны 22 қарашаға дейін жалғасады. Жаттығу мақсаты Азия чемпионатына дайындалу болатын. Алайда, қазірге дейін құрлықтық біріншіліктің нақты өту-өтпейтіні белгісіз. Осы уақытқа дейін жаттығу жиына белгілі бір мақсатпен қатысып, жарысқа жоспарлы түрде дайындалсақ, қазір белгісіздік салдарынан мақсатсыз жұмыс істеу қиынға соғып тұр. </span>
<span>Десе де, карантин режимінде жаттығуды, команданы сағынып қалғанымыз рас. Қазір бәріміз аман-есен қауышып, мауқымызды басып жатырмыз. Тамаша көңіл күймен жаттығу жиынын бастауға дайынбыз, - дейді дзюдошы Ақмарал.</span>