Алмат Кебіспаев: Кілемде белдесе күнді асыға күтіп жүрмін
<span>Грек-рим күресінен Қазақстан командасы Щучинск қаласындағы «Жақсы» базасында оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Команда капитаны Алмат Кебіспаев Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, балуандардың дайындығына тоқталды. </span>
<span>«Спортшылар жиынды, кілемді сағынды. Бәріміздің күрессек деген ынтамыз зор. Кейде бапкерлеріміз бізді тоқтатуға мәжбүр болады. Өйткені, қажетті бабымызға ену үшін біртіндеп күш алу керек. Қазіргі кезде техниканы реттеп, әдіс-тәсілдерді жетілдіріп, денемізді физикалық жаттығуларға үйретіп жатырмыз. Қалыпты жағдайға еніп келеміз десем де болады.</span>
<span> Күнделікті жұмыс режиміне ену қиын болды деп айта алмаймын. Өйткені, үйде қарап отырған жоқпыз. Тек спаррингтік кездесулерде әлсіздік танытып жатқанымыз рас. Карантин кезінде жұптасып дайындалу мүмкін болмады. Ең бастысы – балуандардың дені сау, бәрі де тас-түйін дайын. Жаттығуға да, халықаралық жарыстарға да дайынбыз.</span>
<span> Коронавирусқа қатысты әлемдегі ахуалдың тезірек реттелуін асыға күтіп жүрміз. Әзірге, дайындықты жалғастырамыз», - дейді спортшы. </span>