Еркін күрес

Басты мақсатым – қазақ баласынан Олимпиада чемпионын шығару! - Дәурен Жұмағазиев

Басты мақсатым – қазақ баласынан Олимпиада чемпионын шығару! - Дәурен Жұмағазиев
news-banner7
mobile-news-top

Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәурен Жұмағазиевтің есімі елге жақсы таныс. Ол, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы атанып, Азия ойындарында 3-ші орын алды, Лондон Олимпиадасына қатысты. Балуандық өнердің майталманы қазір қай салада жүр? Спорттан алыстан кеткен жоқ па? Дәурен Жұмағазиевті арнайы Талдықорғанға іздеп барған Prosports.kz тілшісі осы сауалдардың жауабын алып, білікті маманмен сұхбаттасып қайтты.

– Дәурен сіз Қазақстан еркін күрес спортының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Әлем, Азия чемпионаттарындағы үздік нәтижелеріңізді әлі күнге дейін жерлестеріңіз жарыса, мақтана айтады. Жалпы, сіз бұл спортқа қалай келдіңіз?

Дәурен Жұмағазиев

Дәурен Жұмағазиев

– Мен 1989 жылы Кербұлақ ауданы Шоқан ауылында тудым. Жалпы қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келдім. Спортты бала күнімнен жаныма серік еттім. Ауылдың қарадомалақ баласының күреске бейім келуі қалыпты жағдай ғой. Менде боз кілемде төрінде атой салуды армандадым. Әкем де балам балуан болады деп ауылдағы күрес үйірмесіне алып келді. Күрес әліппесін ауылдан үйрендім.

– Алғашқы жарысыңыз есіңізде ме? Ол қандай деңгейдегі бәсеке еді? Нешінші орын алдыңыз?

– Бірінші жарысым Шоқан ауылында Оралбек Бесекенов атындағы турнир болды. Қарапайым ауылдағы жарыс болғанмен кілемге тұңғыш шығуым. Бойымда жеңіске деген желпіністен гөрі, қорқыныш пен үрей басымырақ болды. Жұртшылықтың қолдауын ақтай алмаймын ба деп те алаңдадым. Әйтсе де, жігерімді жанып, қорқынышымды жеңіп, бар білген әдіс-тәсілімді жасадым. Алғашқы жарысымда чемпион атандым. Әрине алғашқы жүлде әр спортшы үшін ыстық. Ал ол алтын болса тіптен керемет емес пе?! Осыдан кейін күреске деген құлшынысым артып, тынбай жаттығу жасадым. Түрлі деңгейде өткен жарыстарда атой салдым.

– Еліміздің жасөспірімдер, жастар құрамасында күрестіңіз. Ерлер құрамасында ел намысын қорғадыңыз. Қай салмақтарда күрестіңіз?

– Ел біріншілігінде талай жүлдегер атандым. 60 келі салмақта сан мәрте топжардым. Осы салмақта өзімді жақсы сезіндім. Әлем, Азия ойындарында жүлдегер атандым, Азия біріншілігінің чемпионы болдым.

– Сіздің еркін күрестегі оң жамбасыңызға келетін сүйікті әдіс-тәсіліңіз қандай еді?

– Менің сүйіті әдісім тобыққа өту. Бірақ, еркін күресте жылдамдық, шапшаңдық керек. Бір ғана әдісті қолдану мүмкін емес. Сондықтан әртүрлі әдіс-тәсіл қолдануға тырысатынмын.

– Сіз еркін күреспен қанша жыл айналыстыңыз? Сол жылдар ішінде жиған медальдарыңызда таудай болған шығар?

– Мен еркін күреспен 20 жыл айналыстым. Сол жылдар ішінде талай бәсекелерде жүлдегер атандым. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Маған, жалпы барлық спортшы үшін әр жарыстан алған медаль қымбат. Десе де, спортшының алғышқы мақсаты – ел абыройын асқақтату. Әлемдік ареналарда қазақ дейтін жауынгер халықтың намысын қорғау. Байрағыңды көкте желбіретіп, Әнұраныңды шырқату. Еліңді, жеріңді таныту. Сондықтан мен үшін халықаралық жарыстарда алған медальдарымның орны бөлек. Өйткені, байрақты бәсекелерге күллі қазақ жұртының атынан шығасың. Сондықтан барыңды салып күресесің. Жеңімпаз атансаң спортшы ретінде ел үмітін ақтадым деп қуанасың!

– Өміріңізде болған қызық ойқиғаны айтып берсеңіз?

–Мен үшін қызықты оқиға 2011 жылдағы Ыстамбұлдағы әлем чемпионатының жартылай финалы. 60 келіде пуэрто-рикалық Франклин Гомеспен белдестім. Кездесудің соңғы уақытында әдісті мен жасадым, бірақ төрешілер екі ұпайды қарсыласыма беріп жіберді. Сөйтіп, Гомес ақтық мәреге өтті. Балуанға бұдан артық қандай қызықты оқиға керек?! Әдісті сен жасап, қарсыласың жеңіске жетеді. Өкінбеймін. Десе де төрешілер сол жерде 2:2, 2:1 ұпайды қалай берсе де жеңіс менікі еді.

– Үлкен спорттан қашан кеттіңіз? Не себеп болды?

– 2018 жылы үлкен спорттан кеттім. Мен өз мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Ендігі мақсат – мықты жас балуандарды тәрбиелеу. Кілем үстінде қазақтың қайсар балалары атой салсын деп жастарға орын бердім.

– Дәурен, күресті серік еткен қазақ жастары әсіресе ауыл балалары өзіңізге қарап бой түзейді. Сіздің дайындалған жаттығу тәсілдеріңді пайдаланады. Оларға не айтар едіңіз?

– Жеңіс тек қана қажырлы еңбекпен және намыспен келеді. Қара терге малшынып, күндіз-түні жаттығу жасамасаң әлемдік ареналарда жеңіске жете алмайсың. Болашақ чемпиондарға айтарым жаттығуда тынбай еңбек етіңдер. Сонымен қатар, ұлт намысын қорғау үшін жүргендеріңді ұмытпаңдар! Сонда ғана биік белесті бағындырасыңдар.

– Үлкен спортта жеңіпен жеңіліс қатар жүреді емеспе? Төрешілердің бұра тарып, қарсыласыңа сені жығып беріп, немесе ұпайыңды алып қойыған сәттерде аз болған жоқ. Осындай әділетсіздік орын алғанда көп жас балуандар жанып кетіп жатады. Оларға қандай ақыл берер едіңіз?

– Спорт – қызығы мен қиындығы қатар жүретін сиқырлы өнер. Үлкен спорт болған соң әрине, жеңіс те жеңіліс те қатар жүреді. Талай оқиғаларды бастан өткересің. Ең бастысы мойымау керек. Шыдамды адам шыңды бағындырады. Қандай қиындық кездессе де жігерлік танытсаң биік белесті бағындырарың анық.

– Дәурен, қазір қайда жүрсіз? Спорттан алыстап кеткен жоқсыз ба?

– Жоқ. Бүгінде Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған облыстық спорт мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары болып жұмыс істеймін. Әр күнімді спортшылармен өткіземін.

–Арасында бапкер болып жаттықтырушыларға көмектесетін кездерде болатын шығар?

– Әрине. Қазір еркін күрестен алты бала дайындап жүрмін. Барлығы сен тұр мен атайын дейтін мықты балуандар. Бапкер болу оңай емес. Бірақ, тер иісі аңқыған залға барып, қара терге малшынып, балуан жаттықтыру, қазақ деген асқақ рухты халыққа биік шыңды бағындыратын һас шеберді тарту ету менің арманым. Ең басты мақсатым – қазақтың қарадомалақ балаларынан еліміздің намысын қорғайтын чемпион шығару!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер