русский язык
Спорт жаңалықтары
Командалық

CBA: Қазақ баласы Қытай чемпионатында өнер көрсетеді

CBA: Қазақ баласы Қытай чемпионатында өнер көрсетеді
news-banner7
mobile-news-top

Баскетболдан Қытайдың ең жоғары лигасында (СВА) бақ сынайтын «Нанкин Манки Кингс» («nanjing tongxi monkey king») командасы Жауынгер Қойшанұлы есімді қазақ баласын қатарға қосты, деп жазады Prosports.kz.

Бұл туралы аталған клубтың ресми сайты 24 тамызда хабарлады.

Сайт таратқан ақпаратқа сүйенсек, 21 тамыз күні Фуцзяньда дәстүрлі жиналыс өтіп, СВА командалары жаңа маусым алдында өздеріне лайық ойыншыларды таңдаған. Сол қатарда «Нанкин Манки Кингс» клубы төрт ойыншымен толыққан екен. Соның бірі 25 жастағы Жауынгер Қойшанұлы (бойы – 210 см, салмағы – 107 келі).

Осылайша, Жауынгер баскетболдан Қытай чемпионатында өнер көрсететін алғашқы қазақ атанып отыр. Бұған дейін бірде-бір қазақ баласы СВА алаңында бой көрсетпеген еді. Қытай футболға қарағанда баскетболға бір табан жақын. Олардың баскетбол құрамасы әлемдік рейтингте 28-орында тұр (Қазақстан 75-орын). Сонымен қатар, қытай ойыншылары әлемдегі ең үздік лига – NBA-да бақ сынап тұрады. Мұны біз қандасымыздың қытай чемпионатына жолдама алуы тәп-тәуір нәтиже екенін дәлелдеп үшін айтып отырмыз.

Жауынгер Қойшанұлы - 1995 жылы 1 ақпанда Іле қазақ облысы Тарбағатай аймағының Толы ауданында дүниеге келген. Қарапайым малшы отбасында дүниеге келген Жауынгердің өмір жолымен осы материалды жазу барысында толық танысып шығудың сәті түсті. Бір кітапқа жүк болатындай қилы тағдыры бар қандасымыз бүгінгі биігіне жету үшін ұзақ жолды жүріп өткен екен.

Жапалы тұрмыстан құтылудың жалғыз жолы – жақсы оқу деген қазақы түсінікті бойына сіңірген Жауынгер бала-жастан спортқа емес, оқуға ден қойған. Оқуда үздік баланы спорт алаңына ауыл мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі жетектеп әкелген. Ұстазы әу баста Жауынгерден жақсы жеңіл атлет шығады деп үміттенген екен.

Бірақ орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүрген Жауынгерді үлкен қаладан келген баскетбол жаттықтырушысы байқайды. Ауылдарды аралап, таланттарды таңдап жүрген жаттықтырушы бойы екі метр, салмағы да мығым Жауынгерді нағыз баскетболшы болатын бала деп сенеді. Сөйтіп, Жауынгер кеш те болса (18 жасынан бастап) кәсіби спортқа ден қояды.

Бірнеше жыл бойы тынбай құлшынған қазақ баласы баскетболдың қыр-сырын толық меңгереді. Шинжияң университетіне оқуға түсіп, Қытайдағы белді чемпионат – CUBA лигасында (студенттер лигасы) өнер көрсетеді. Жауынгер бұл чемпионатта керемет нәтижелерімен көзге түсті. Орта есеппен әр ойында 29,3 ұпай жинап, 13,5 мәрте допқа бәрінен бұрын иелік етеді (подбор). Бұдан бөлек ойын сайын 1,4 рет блок-шот қоя алады. Тіпті Солтүстік-батыс дивизионның бірінші форварды атанады.

Осындай үздік нәтижелерінен кейін ол СВА командаларының көзіне түсіп, іріктеуге қатысуға мүмкіндік алады. Алайда осы сәтте оны баулыған алғашқы спорт клубы дау шығарады. Аталған клуб тәрбиеленушісінен 500 мың юань (75 мың доллар) көлемінде өтемақы талап етеді. Егер мұны төлемесе СВА командаларына жібермейтінін айтқан. Бірақ Қытай баскетбол федарациясы мен «Нанкин Манки Кингс» клубы іске дер кезінде араласып, мәслені оң бағытта шешіп береді. Осының арқасында Жауынгер Қытайдың ұлттық чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік алып отыр.

Қазақ баласы Қытай құрамасына шақырту алды

Португалияда доп тепкен қазақ Қытай чемпионатына ауысты

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;