Ерасыл Қажыбаев: Олимпиада ойындарының кейінге қалғаны дұрыс болды

Ерасыл Қажыбаев: Олимпиада ойындарының кейінге қалғаны дұрыс болды

2019 жылғы «Қазақ барысы» турнирінің финалисі, Қазақстан дзюдо құрамасының мүшесі Ерасыл Қажыбаев Prosports.kz тілшісіне шағын сұхбат берді.

- Ерасыл, Спорт күні құтты болсын!

- Көп рахмет! Сіздерді де құттықтаймын.

- Сұрақты төтесінен қояйын. Елдегі карантин дәл саған қаншалықты зиян келтірді?

- Пандемия кесірінен көптеген сала тоқырауға ұшырады. Жеке басымды айтар болсам, рас, оңай болған жоқ. Жаттығуымды толық өткізе алмай қалдым. Турнирлер жоқтың қасы. Бұрын-соңды мұндайды көрмедік қой!

- Токио Олимпиадасы бір жыл кейінге шегерілді. Бұл шешімге не айтасың?

- Жасырып қайтейін, маған бұл шешім өте оңтайлы болды. Олимпиадалық рейтингте ұпайым аздау болып тұр. Келесі жылға дейін уақыт бар. Осы мүмкіндікті құр жібермеу керек.

- «Қазақ барысы» сынды үлкен додалардың өтпеуі спорттық бабыңа қалай әсер етіп жатыр?

- Өзіміздің ұлттық күрес мен үшін үлкен дәрежелі дүние саналады. Әрине тоқтап қалғаны жаныма батады. Бірақ алдағы уақытта бұрынғыдай сән-салтанатымен өтеді деп үміттенемін.

- Жаттығуда спаррингке шығатын мүмкіндік бар ма?

- Жоқ. Жаттығатын залдардың бәрі жабық тұр. Тек жеке бағдарлама бойынша дайындалып жүрген жайым бар.

- Ерасыл, сен самбо, дзюдо, қазақ күресімен айналысасың? Негізі жаныңа қайсысы жақын?

- Ауыр сұрақ екен. Самбо жан-жақты болуға тәрбиелейді. Дзюдоны бала кезден жақсы көремін. Қазақ күресі өзіміздің психологияға, менталитетке жақын. Маған үшеуі де бірдей. Бөліп-жара алмайды екенмін.

- Жалпы бос кезде немен айналысып жүрсің?

- Бұрын уақыт таппай жүруші едік. Жаттығу жиынынан қол босамайтын. Қазір бос уақытымды отбасыма, достарыма арнап жүрмін.

- Біреулер кітап оқығанды, енді біреулер балық аулағанды құп көреді…

- Мен комедия жанрындағы шым-шытырық фильмдерді тамашалауды ұнатамын.

- Жарыстарды сағынған боларсың? Қазақ күресіне қатысты турнирлер енді қашан ұйымдастырылуы мүмкін?

- Аллаһ қаласа, қыркүйекте басталуы мүмкін. Дей тұрғанмен уақыты әлі белгісіз. Ұйымдастырушылар мерзімі жақындағанда айтады.

- Ерасыл, сұхбатыңа рахмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или