Футзал

Дәурен Тұрсағұлов: «Тегін адам таз болмайды»

Дәурен Тұрсағұлов: «Тегін адам таз болмайды»
news-banner7
mobile-news-top

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан футзалында қазақ жігіттері саусақпен санарлық болатын. Сүлейменов пен Жаманқұловтардың орнын басатын жігіттер табыла ма деп жүргенде аягөздік Дәурен Тұрсағұлов пен Біржан Оразовтар жарқ етіп шыға келді. Жас таланттардың бірімен Prosports.kz сайтының тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

Дәурен Тұрсағұлов туралы деректер:

1996 жылы ШҚО Аягөз қаласында дүниеге келген. Аягөздегі спорт мектебі футбол бөлімінің түлегі. ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионы, ҚР Суперкубогының иегері. 2018 жылы студенттер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Аталған чемпионаттың үздік шабуылшысы.

  • Дәурен, Қазақстан құрамасы сапында 20-дан астам матч өткіздің. Шағын ғана қалада шыңдалған жас бала осындай деңгейге қалай жетті?
  • Бұл Алланың қалауымен жеткен жетістігім деп білемін. Еңбектене берсең, нәтижесі болады екен.
  • Соңғы чемпионат туралы не айтасың?
  • Биыл тағы 1-2 команда қосылып, жылдан жылға қызықты болып келеді. Әсіресе биыл тартысты ойындар өте көп болды. «Ақтөбе», «Аят» сынды ұжымдар турнир кестесінде «Жетісуды» төмен сырғытып жіберді. Мәселен, рудныйлық клуб та, ақтөбелік ұжым да соңғы матчтарында «Қайратпен» 5:5 есебімен тең түсті.
  • «Қайраттың» төрт ойыны кем болса да, 38 ұпаймен топ бастап тұр. Демек, биыл да чемпион болуларың әбден мүмкін ғой?
  • Иә. Карантин мерзімі біткен соң, бар күшімізді салып, жеңімпаз атануға ұмтыламыз. Басқа мақсатымыз да жоқ.
  • Карантин режимін қалай өткізіп жатырсың?
  • Үйде жаттығу жасап жүрміз. Физикалық қалпымызды бір қалыпты ұстау керек. Луизиньо атты физикалық дайындыққа жауап беретін бапкеріміз жоспар құрып, сол кісінің нұсқаулығын орындай отырып, жаттығамыз. Бос уақыт бола қалса кино көргенді ұнатамын.
  • Өзің жақсы көретін фильмдердің бір-екеуін атай кетсең…
  • «Достать ножи», «Семь жизней» және «Форсаж» фильмдері ұнады.
  • Футзалға қайта оралсақ… Кака - қандай бапкер?
  • Қазақта «Тегін адам таз болмайды» деген мәтел бар ғой. Кака 2019 жыл қорытындысы бойынша тағы да әлемнің он үздік бапкері қатарына кіріп отыр. Мұның өзі біраз нәрсе аңғартса керек. Өте сауатты жаттықтырушы.
  • «Қайраттан» басқа қандай командада ойнауды армандайсың? Мәселен, қай шетелдік клуб жаныңа жақын?
  • Еуропаның мықты чемпионаттарына ауысқым келеді. Мысалы Испания, Италия біріншіліктерінің деңгейі аса жоғары. Сондай-ақ Ресей чемпионатына да доп тебуге барар едім.
  • Сенің нұсқаң бойынша Қазақстандағы және әлемдегі ең мықты ойыншы кім?
  • Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қоюыма бола ма? (күлді)
  • Футзалдан басқа қай спорт түрі ұнайды?
  • Ол туралы ойламаппын. Қай спорт түрі болмасын, бәрі жақсы деп ойлаймын.
  • Дәурен, сұхбатыңа көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек.

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер