Атлетика

Әлия Юсупова: Спортшыны биікке шығару үшін біз көп нәрсені құрбан етеміз

Әлия Юсупова: Спортшыны биікке шығару үшін біз көп нәрсені құрбан етеміз
news-banner7
mobile-news-top

Көркем гимнастикадан Афины және Бейжің Олимпиадаларының қатысушысы, Азияның абсолютті чемпионы және Азия ойындарының жеңімпазы Әлия Юсупова Ұлттық Олимпиадалық комитеттің онлайн жобасында қонақ болды. Бүгінде ұлттық құраманың бас бапкері қызметін атқаратын ол өзінің спорттық мансабынан бастап, ел спортшыларының қазіргі жағдайына дейінгі аралықты қамтитын көлемді сұхбат берді. Olympic.kz қызықты сұхбаттың қысқаша нұсқасын назарларыңызға ұсынады.

Карантинге бұрыннан үйренгенмін...

Қазір әлемге төнген қауіпке абай болу керек. Карантин режимін сақтап, үйден шықпаған дұрыс. Өзіме келер болсам, балаларымның қасында уақыт өткізудемін. Үй шаруасы мен тамақ пісіруден бөлек, баламмен бірге бір сағат жаттығу жасаймын. Негізі, карантин режимі маған айтарлықтай қиын емес. Өйткені, бұрын Новогорск базасында залға таңертең кіріп, кешке бір шығатын едік. Қонақ үй де, зал да, асхана да бір жерде. Сол аймақта ғана таза ауа жұтып, қыдырамыз. Сондықтан, бұл кезең маған қиындық тудырмайды.

Алина Кабаева қолдау көрсетті

Әрине, менің Ресей астанасында жаттыққаным үлкен мүмкіндік еді. 2001 жылы Ирина-Винер Усманова біздің команданы Мәскеудегі бірлескен жаттығу жиынына шақырды. Сол жиында мен ол кісіге жақсы әсер қалдырсам керек, оның маған көзі түсіпті. Кейін бапкерлерім мені қалдырып, өздері елге қайтты. Бұл наурыз айы болатын. Ешкімді танымай, жат елде өзім қала бердім. Әлі есімде, екі-үш күн жаттыққан соң, әйгілі Алина Кабаева келіп, жағдайымды сұрады. Ол өте қарапайым қыз. Менің басқа елден келгенімді түсініп, көңіл-күйімді, хал-жағдайымды сұрап, қолдау көрсетті. Екеуміз жақсы араласып кеттім. Ол үнемі қолдауын аямайтын. 2003 жылғы лицензиялық әлем чемпионаты қарсаңында да маған сенім білдіріп, жолдама алатынымды айтып, уайымдамауға шақырды. Ирина Чащина да керемет адам. Оларға мені жатсынбай қабылдап, достық көмектерін көрсеткені үшін көп рахмет. Біз әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Достығымыз үзілген жоқ. Екі жыл бұрын Алина өзі хабарласып, өзінің жыл сайын өтетін фестиваліне менің қыздарымды шақырды.

Винердің талабы қатал

Осылайша, 15 жастағы қыз Мәскеуде жалғыз қалды. Менен ешкім жағдай сұрамайтын. Ауырып тұрсың ба, шаршап жүрсің бе, ешкімнің шаруасы жоқ. Винердің қоластына келдің бе, шаршап, талып бара жатсаң да жаттығу жасауың керек. Шыны керек, қазіргі спортшылар мұндай қиындыққа шыдай алмайды. Ирина Винер өте қатал адам. Оған шаршадым деп айтуға мүлде болмайды. Өйткені, сенің сыр бергеніңді естісе, ол дереу орынды босатуды талап етеді. Алайда, бұл қиындықтың барлығы соған тұратын дүние. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.

Афиныдағы төртінші орын жеңіспен бірдей

2004 жылғы Олимпиада ойындарына бару үшін мен өте ауыр жолдан өттім. 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарына қатысып, командалық сында екінші орын иелендік. Ал мен жекелей жарыста күміс жүлдегер атандым. Сол бәсекеден кейін сол аяғымды қатты жарақаттап алғанмын. Ота жасауға тура келді. Қатты ауырғаны сонша, сол аяғымды сүйретіп жүретінмін. Мұны көрген әкем спортпен қоштасуымды сұрады. Өйткені, менің жүре алмай қалғанымды көру оларға ауыр еді. Бірақ мен бәріне шыдадым. 2003 жылы үш ай жаттығу жасауға рұқсат берген жоқ. Осы сәтте маған сенбей, орынма басқа спортшыны жібергісі келгендер де болды. Алайда, жеке бапкерім Екатерина Панченко мен Ирина Винер менің бәрін жеңетініме сенді. Жайлап жарақаттан айығып, жарыстарға қатысып, Афины Олимпиадасына жолдама алдым. Ал төртінші орын мен үшін жеңіске пара пар. Мұны маған Елбасының өзі айтқан.

Қиындыққа сынбайтын адаммын...

Көркем гимнастикадағы спортшылардың ғұмыры әрі кетсе 20 жасқа дейін созылады. Көпшілігі осы кезеңде спорттан қол үзеді, шаршайды, ауырғанын айтады, жарақатын сылтау қылады. Ал менің көркем гимнастикаға деген махаббатымның ерекшелігі шығар, 26 жасқа дейін ел намысын қорғадым. Біздің спорт үшін бұл жас тым үлкен. Тіпті, өзімді ардагер болдым десем, артық емес. Афиныдан кейін Бейжің Олимпиадасына қатысу туралы шешімді саналы түрде қабылдадым. Бапкерлерім әлі төрт жыл тынымсыз жаттығу керектігін қайта-қайта ескертті. Ал мен қиындыққа сынбаймын. Бір істі бастадым ба, соңына дейін жеткіземін. Оның үстіне, 2006 жылғы Азия ойындарына да сақадай сай болу керек еді. Соның бәрін ескере келе, Бейжің Олимпиадасына дайындала бастадым.

16 жаста бәрі шешіледі

Көркем гимнастикамен шұғылданатын қыздың болашағын 16 жасында анықтауға болады. Өйткені, ол осы кезде сеньорлар қатарына өтеді. Сол жаста жетістік болса, әрі қарай жалғастырамыз. Ал егер айтарлықтай нәтиже болмаса, басқа спорт түріне ауысқаны жөн. Көркем гимнастикаға қатысу үшін бұрын бойына, сымбатына, аяқ-қолының ұзындығына қарайтын. Қазір олай емес. Біз бойы кішкентай, кішкене томпақ қыздарды қабылдай береміз. Кейін олар жетіледі, өседі. Ал менің 26 жасқа дейін спортта қалғаным көркем гимнастиканы тым қатты жақсы көргендіктен деп айта аламын.

Біз көп нәрсені құрбан етеміз...

Спорттан кеткен соң, жаттықтырушылық қызметті қолға алдым. Бұл істі бастар алдында әкем ақылын айтты. Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шықпауы мүмкін екенін ескертті. Мен ойлана келе, мұның бәрін іс жүзінде байқайық деп шештім. Одан бөлек, еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алуды армандайтынмын. Өйткені, бұл үлкен еңбекпен келетін абырой. Әрине, ер адамдарға бапкер болған оңайырақ. Үйіңде балаңды қарап, тамағыңды істейтін әйел бар. Ал біз сияқты нәзік жандылар спортшыны дайындау үшін көп нәрсені құрбан етеміз. Мысалы, мен екі балам ата-анама тастап кетемін. Рио Олимпиадасы қарсаңында кешкі 9 жарымға дейін залда жүрген кездерім болды. Азиада қарсаңында да тыным таппадық. Біз өз үйімізді ұмытып, спортшының анасы, әкесі, құрбысы, дәрігері атанып кетеміз. Осының бәрі – ел намысын абыроймен қорғау үшін жасалған қадам.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер