Дзюдо

Елдос Сметов: Әлеуметтік желілерден шығып, ұялы байланысқа шектеу қойдым

Елдос Сметов: Әлеуметтік желілерден шығып, ұялы байланысқа шектеу қойдым
news-banner7
mobile-news-top

Жер-жаһанды коронавирус пандемиясы дүрліктіріп, соның кесірінен биылғы Токио Олимпиадасы да бір жылға кейінге шегерілді. Бұл шешім кейбір спортшыларға кері әсерін тигізгені анық. Осыған байланысты Prosports.kz тілшісі еліміздегі үздік дзюдошылардың бірі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Сметовпен байланысқа шыққан еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Елдос, Олимпиада ойындарының кейінге шегерілгенін қалай қабылдадың?

- Төрт жылда бір келетін доданың бір жылға кейінге шегерілгені трагедия емес. Керісінше, Токио басшылығы мен Халықаралық Олимпиада комитетінің спортшылардың өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қойғаны қуантады.

- Олимпиадаға дайындықты жалғастыра бересің ме?

- Иә, жалғастырып жатырмын. Тастауға әсте болмайды. Бұрын қалай дайындалсам, қазір де солай, үйде шамамыз келгенше жаттығып жатырмыз.

- Карантин кезінде немен айналысып жүрсің?

- Тәртіпке бағынып, үйде отырмыз. Өзіміздің өміріміз бен денсаулығымыз өз қолымызда ғой. Сол себепті бәріне шыдап, төзу керек.

- Спорттық формаңды қалпында ұстау қаншалықты қиын?

- 100% ұстап тұру мүмкін емес, алайда күнделікті жаттығуды тастап кетпей, жасап жүріп, оқу-жаттығу жиындарына дейін жетіп алсақ, ары қарай жеңіл болады. Бәрі өзімізге байланысты, жалпы.

- Бос уақытты қалай өткізесің?

- Бос уақытымды отбасыма арнаймын. Әке-шешемнің, бала-шағамның қасында, дастархан басында арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырғанға не жетсін, шіркін?!

- Кітап оқисың ба? Соңғы оқыған кітабың қандай?

- Соңғы рет Бекзат Саттархановқа арналған кітапты оқып шықтым. Марқұмның спортта жүріп өткен жолы мен қысқа ғұмыры туралы екен. Одан кейін тағы бір кітапты бастап кеттім, әлі оқып біткен жоқпын.

- Әлеуметтік желіде бұрынғыдай белсенді емессің? Ол немен байланысты?

- 2019 жылдың соңында өзіме шарт қойдым. Олимпиада ойындары келе жатыр, сол себепті уақытымды текке шығын қылмау керектігін ойладым. Ұсақ-түйек дүниелерге көңіл бөлмей жүрмін. Тіпті бірнеше әлеуметтік желілердегі парақшаларымнан шығып, тіпті ұялы байланыстың өзін шектеп қойдым. Олимпиада ойындарына деген көзқарасымды түбірімен өзгерттім.

Бірақ мынадай жағдайдан кейін, қайтадан әлеуметтік желілерге шығуға тура келіп тұр.

- Жанкүйерлеріңе айтар тілегің?

- Жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Қайда жүрсем де, олардың қолдауын сезінемін.

Ал енді қазіргі кезде коронавирус індеті әлемге жайылып, мазаны қашырып тұрған тұста карантинде тәртіпке бағынып, жұдырықтай жұмылып жеңіп шығуға тиіспіз. Еліміздің амандығы мен тыныштығын Аллаһ нәсіп етсін!

- Көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер