Еркін күрес

Ақжүрек Таңатаров: Лондондағы оқиға менің өмірлік өкінішіме айналды

Ақжүрек Таңатаров: Лондондағы оқиға менің өмірлік өкінішіме айналды
news-banner7
mobile-news-top

Лондон Олимпиадасының ең соңғы жарыс күні. Қалың жанкүйер кезекті Олимпиаданы тарих еншісіне шығарып салатын сәт. Талай жүлде өз иесін тауып, мінберлердің біразы босап қалған. Тек санаулы спорт түрлерінен болашақ чемпионды күтіп сабылған халық. 2012 жылдың 12 тамызы қазақ спорты үшін ерекше ыстық үш медальмен есте қалды. Боксшы Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанса, Әділбек Ниязымбетов финалда сүрінді. Ал еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров 1996 жылғы Мәулен Мамыровтың ерлігін қайталап, олимп тұғырынан көрінді. Тұманды Альбион төріндегі тайталас қалай өтті? Кілем сыртындағы тартыста кім жеңді? Қола жүлде жартылай финалдағы өкініштің орнын толтыра ма? Ақжүрек Таңатаров ҰОК сұрақтарына жауап берді.

- Әңгімені Токио Олимпиадасынан бастағым келіп тұр. Олимпиада ойындарының келесі жылға шегерілуі біздің балуандарға қалай әсер етуі мүмкін?

- Әлемді жайлаған індетке байланысты Халықаралық Олимпиада комитетінің мұндай шешім қабылдағаны дұрыс. Бірақ бұл дәл қазір бабында тұрған балуандарға, әсіресе, жас спортшыларға қиын соғады. Мәселен, Әлішер Ерғалиді айтқым келеді. Ол талантты, еңбекқор балуан. Биылғы маусым ол үшін жақсы өтіп жатыр. Лицензиялық әлем чемпионатында көзге түсті, Олимпиадаға жолдама алды, жеңіске деген жігері де жанып тұр. Оған осы қарқынмен Токио кілемінде күресу ғана қалған. Алайда, Олимпиаданың келесі жылға ауыстырылғаны оның қазіргі екпінін біраз тоқтатуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, төртжылдық додасының кейінге қалғаны қиын.

- Былтыр елімізде лицензиялық әлем чемпионаты өтті. Қай балуандар көңіліңізден шықты? Өзіңіз сынға түскен салмақ туралы не айтасыз?

- Елордадағы әлемдік сын жоғары деңгейде өтті. Еліміздегі еркін күрес шеберлерінің бәсі биік. Қазақ балуандары күресе алады. Осыны ұмытпауымыз керек. 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында Мәулен Мамыров ағамыз қола жүлде алған соң, сол кісінің салмағында талантты балуандар көп шықты. Жасұлан Мұхтарбекұлы мен Әсет Серікбаев соның дәлелі. Лондонда мен 66 келіде күрестім. Кейін 70 келіге ауыстым. Бұл салмақта да елімізде өте талантты жастар өсіп келеді. Нұрғожа Қайпанов бар, Данияр Қайсанов бар. Яғни, Олимпиада жүлдесін алған балуанға қарап басқалары бой түзейді. Соның ізінен ергісі келеді, сол жеңісті жалғастырғысы келеді. Еркін күрес шеберлері соңғы әлем чемпионатында екі күміс, бір қола алды. Одан бөлек, бірнеше балуанымыз үшінші орынға күресті. Меніңше, бұл өте жақсы нәтиже. Балуандар Азия чемпионатынан алтынмен оралып жүргенін де ұмытпау керек.

- Өзіңіз айтып өткен Нұрғожа Қайпанов 74 келіге ауысты. Бұл салмақта екі дүркін Азия чемпионы Данияр Қайсанов та бар...

- Токио Олимпиадасының келесі жылға қалғаны дәл осы Нұрғожа үшін тиімді. Өйткені, ол олимпиадалық салмаққа биыл ауысты. Салмақ ауыстырған соң бірден жақсы нәтиже көрсету қиын. Алғашында оңай болмайды оған. Бұл салмаққа үйрену үшін Қайпановқа уақыт қажет еді. Мінеки, ХОК мүмкіндік беріп отыр. Келесі маусымға дейін Нұрғожа бабына енеді деп ойлаймын. Ал Данияр Қайсанов өте тәжірибелі, әккі балуан. Жасы да үлкен. Демек, бәрі Даниярдың өз қолында. Осы салмақтағы Нұрлан Бекжановты да тізімнен сызып тастауға болмайды. Бір салмақта бірнеше мықтының бары қуантады.

- Лондон Олимпиадасында сіздің басыңыздан өткен жағдай туралы жазбаған адам қалмады. Талай деректі фильмдер түсірілді. Осыдан сегіз жыл бұрынғы оқиғаны жиі ойлайсыз ба? Құлағыңызды тістеп алған сәтте қарсылық танытпаған бапкерлерді кешірдіңіз бе?

- Олимпиададан кейін мен қан қысымым көтеріліп ауыратын болдым. Ойлаңызшы, менің жасыма сай ауру ма бұл? Жоқ, әрине. Бәрі сол Лондоннан кейін басталды. Күнделікті күйбең тірліктен кішкене босай қалсам, Сушил Кумармен өткен жартылай финал көз алдыма келе береді. «Аяғына өтіп кеткенде ғой, былай құлатқанда ғой, анау әдісті жасағанда, қап» деп, өзімді жегідей жеумен боламын. Олимпиаданың финалына бір қадам қалып еді. Мұндай мүмкіндік ешқашан қайталанбайтынын ойлағанда, өкінішім одан сайын артады. Әрине, уақытты қайта жылжыта алмайсың. Лондон додасы баяғыда-ақ тарих қойнауына кетті. Десе де, сол кезде бапкерлерімнің неліктен челлендж бермегеніне әлі таң қалам. Әлі жауап таппаймын. Кілемдегі төрешілер құлағымды тістеп алған Сушил Кумармен ауыз жаласып қойған. Сүйреп келді. Оған күмән жоқ. Әйтпесе, құлағымнан қан тоқтамай жатқанын көріп тұр ғой бәрі. Бұл белдесуді бапкерлердің челленджі ғана құтқаратын еді. Бірақ жаттықтырушылар қорқып қалды. Бұл оқиғаны мен өмірімнің соңына дейін ұмытпаймын. Кішкентай ұлыма дейін Сушилдің құлағымды тістеп алғанын айтады. Ал Лондондағы жағдай өмірлік өкінішіме айналғаны рас.

- Сол белдесуден соң қола жүлдеге таласудың да оңай болмағаны анық. Кілемге шығу үшін өзіңізді қалай қамшыладыңыз?

- Жартылай финалдан соң ашуға булықтым. Айналамдағылардың бәріне ренжіп, киімдерімді жинап, бірден күреспейтінімді айттым да залдан кетіп қалдым. Тек метроға мінейін деп тұрғанда кішкентай баласы бар бір әйел келді жаныма. Маған ағылшынша сөйлеп жатыр, түк түсінер емеспін. Қолымнан тартып, жарыс өтетін жаққа қарай сүйрей береді. Сөйтсем, ол залдағы жанкүйерлердің бірі екен. Менің әділетсіз жеңілгеніме күйініп, іздеп келіпті. Баласы екеуі залды нұсқай берді. Осыдан соң, қайтадан күресемін деп шештім. Кейін Ернар есімді жақын досым жігер берді. «Алтын бұйырмаса да, қоламен қайтайық» деп, бар ақылын айтып жатыр. Содан соң, жанкүйерлер мен жақындарымның сенімін жоққа шығарғым келмеді.

- Қола жүлде үшін күресте сіз басқа емес, Олимпиада чемпионы Рамазан Шахинді жеңдіңіз...

- Рамазан Шахин 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында топ жарған түрік балуаны. Рамазанмен Олимпиада қарсаңында кездесіп, ұтып алған едім. Бұл жолы да күшіме сендім. Оның үстіне, жартылай финалда жолымда жапқан соң, қалайда медальмен қайтамын деп мақсат қойдым. Бірінші кезеңде ұтылғанымды бәрі көрді. Жалпы, менің күресу тәсілім сондай. Алғашқы айналымда қарсыласымды зерттеп, шаршатып, қалған екі кезеңде өзім ұпай аламын. Лондон кілемінде де сол жағдай қайталанды. Маған бұйырғаны қола медаль екен.

- Жалпы, сіз көп жылдар бойы әлем чемпионаттарынан тыс қалдыңыз. Сізді көп салмақ қуады, жиі ота жасатты деп естідік. Осы қаншалықты рас?

- Салмақты көп қуатыным да, жиі жарақаттанғаным да рас. Мысалы, 66 келіге түсу үшін мен 80 келіден салмақ қуатынмын. Бір айда екі рет жарысқа баратын сәттерде бұл тіпті қиын. Ал әлем чемпионттары мен Олимпиададан сырт қалған кездерім көп. Біраз уақыт бойы бұл салмақ тізгінін бапкерлер Леонид Спиридоновқа ұстатты. Бейжің Олимпиадасына да мені апармай, Спиридоновты, сырттан келген балуанды алып кетті. 2008 жылы мен жас едім әрі салмақты да бұлай көп қумағам. Мүмкін, сол кезде олимп тұғырынан көрінер ме едім? 2010 жылғы Мәскеудегі әлем чемпионатында Оңтүстік Корея балуанын ұтылған соң, мені келесі жылғы додаға қосқан жоқ. Мұның бәрі мені одан сайын қамшылады. Қуанышқа қарай, 2011 жылғы аймақтық лицензиялық турнирде жолдама алып, Лондонда өз мықтылығымды, қазақ балуандарының да Олимпиадада жүлде алатын қауқары бар екенін дәлелдедім деп ойлаймын.

- Ресми түрде спортпен 2018 жылы қош айтысыпсыз. Олимпиада ойындарынан кейін өміріңізде қандай өзгерістер болды?

- Олимпиададан соң жарақатымды емдеп, біраз уақыт жоғалттым. Кейін қатарға қайта қосылып, 2017 жылы Азия чемпионатында топ жардым. Сол жылы әлем чемпионатының қоласын еншіледім. Спорттағы ең ірі жарыстарды бәрінен жүлде алдым. Соған шүкірлік етемін. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директорымын. Бұл қызметке келу үшін де түрлі кедергілерден өтуге тура келді. Кілемнен кеткен соң, екі-үш жылдай жұмыссыз жүріп қалдым. Қазір бәрі реттелді. Өмір болған соң, бәрі де болады.

Сұхбаттасқан: Ақырыс Сейтқазы

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер