Теннис

Қазақстан құрамасында кімдер өнер көрсетіп жүр ?

Қазақстан құрамасында кімдер өнер көрсетіп жүр ?
news-banner7
mobile-news-top

Бүгінгі күні спортшылардың спорттағы мансабы үшін, жақсы қаражат үшін азаматтығын өзгертуі адамдарды еш таң қалдырмайды. Футзалда бразилиялықтар еліміздің намысын қорғап жүр, хоккейде америкалық және канадалық спортшылар Қазақстан үшін барын салып жүр, теннисте ресейліктер Қазақстан байрағын желбіретіп жүрген жайы бар.

Қазақстан теннисі қазіргі кезде қарқынды түрде дамып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ барлығы жасанды қазақстандық теннисшілердің арқасында. Қазақстан теннис федерациясы 2008 жылдан бастап көрші Ресейден теннисшілер шақыруда. Соңғы 12 жылда Қазақстан азаматтығын 8 теннисші қабылдаған. Оның тек біреуі Украинадан келсе, жетеуі Ресейден келген. Ресейде теннисшілер саны өте көп болғандықтан теннис федерациясы барлығына бірдей қолдау көрсете алмайды. Сол себепті Қазақстан құрамасы болашағынан үміт күттіретін, қолдауға мұқтаж теннисшілерді өз қатарына шақырған. 2008 жылдан бері Қазақстан ерлер құрамасына ауысқан теннисшілер тізіміне көз жүгіртсек: Юрий Щукин, Андрей Голубев, Михаил Кукушкин, Евгений Королев,Александр Недовесов , Дмитрий Попко, Александр Бублик және Тимофей Скатов.

Михаил Кукушкин,32 жаста, 91-орын.

Михаил Кукушкин Қазақстан құрамасына 2008 жылы 21 жасында ауысқан болатын. Қазақстанға ауысқан кезде әлемдік рейтингте 148 орында болған. 12 жыл ішіндегі ең ірі жетістігі Санкт-Петербург қаласындағы АТР турнирінде жеңіске жетуі. Үш рет АТР турнирінің финалында жеңіліске ұшыраған.Үлкен дулыға бәсекелеріндегі ең жақсы нәтижесі Австралия ашық біріншілігі мен Уимблдон турнирінің 1/8 финалына дейін жеткен. Қазақстан құрамасының сапында Дэвис кубогында бірнеше рет ширек финалға дейін жеткен. 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында алтын жүлдеге ие болған. Әлемдік рейтингтегі ең жоғары позициясы 39-орын. Жасы 32-ге келгеніне қарамастан Михаил ұлттық құраманың негізгі ойнышыларының бірі.Соңғы 10 жылда маусым соңында тек бір рет үздік 100 теннисші қатарына кірмеген.

Андрей Голубев, 32 жаста,743-орын.

Андрей Голубев Қазақстан туының астына 2008 жылы Кукушкин сияқты 21 жасында ауысқан. Ол кезде Голубев әлемдік рейтингте 89 сатыда болған. Қазақстан құрамасына ауысқан соң 2010 жылы Қазақстан теннисінің тарихындағы бірінші болып АТР турнирінде топ жарды. Дэвис кубогында Қазақстан құрамасымен бірнеше рет ширек финалға жетті.2014 жылы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынған. Үлкен дулыға бәсекелерінде екінші айналымнан асып көрмеген. Әлемдік рейтингте 33-орынға дейін көтерілген. Бастапқыда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Голубев 2015 жылдан бастап мүлде үздік 100 теннисші қатарына кірмеген. 2017 жылдың шілдесінен 2019 жылдың сәуіріне дейін жарыстарға қатыспады. 2019 жылы тенниске қайта оралды. Ендігі кезекте Голубев жұптық сында өнер көрсетуге көбірек көңіл бөлуде.

Юрий Щукин, 40 жаста, Қазақстан құрамасының бас бапкері

Юрий Щукин Қазақстан құрамасына 2008 жылы 29 жасында келді. Ауысқан сәтте ол әлемдік рейтингте 184 орында болған. Щукин жекелей сынға қарағанда жұптық сында жақсы нәтижелер көрсеткен. Щукин жастармен өз тәжірибесімен бөлісуге келген спортшы болатын. 2014 жылы ойыншы мансабын аяқтап, бапкерлікке ауысты. Біраз уақыт Андрей Голубевтің жеке бапкері қызметін атқарды. 2019 жылдың соңында Щукин ұлттық құраманың тізгінін ұстады. Алғашқы ресми матчында Қазақстан құрамасы Нидерланды құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, Дэвис кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды.

Евгений Королев, 32 жаста, спорттағы ойыншы мансабын аяқтаған.

Евгений Королев Қазақстан құрамасына 2010 жылы 23 жасында ауысқан. Королев келген сәтте Кукушкин мен Голубев жекелей сында еліміздегі үздік теннисшілер болатын. Королев кішігірім жарыстарда өнер көрсетіп жүрді.Әлемдік рейтингте 46-орынға дейін көтерілген. Үлкен жеткен жетістіктері де жоқ десек болады. Кукушкин мен Голубевтың көлеңкесінде қалған Королев 2014 жылы спорттағы ойыншы мансабын аяқтады. Королев Қазақстан құрамасында өнер көрсеткенімен, Германияда тұрақты өмір сүретін. Мансабын аяқтағанда Королев Қазақстанға пайдамды тигізгім келеді деген еді. Бірақ қазіргі кезде Королев қайда екендігі белгісіз.

Дмитрий Попко, 23 жаста, 175-орын.

Дмитрий Попко 2011 жылы небәрі 15 жасында Қазақстан құрамасына ауысқан. Попко Қазақстан құрамасының сапында негізгі ойыншы емес екендігі анық. Ол АТР Челленджер турнирлерінде өнер көрсетіп жүр. Дэвис кубогында тек бірнеше ойындарда ойнаған. Әлемдік рейтингте ең жоғарғы позициясы 167-орын. Әзірге Попко Голубев пен Кукушкиннің нәтижелерін қайталай алуы екіталай.

Александр Недовесов, 33 жаста,322-орын.

Александр Недовесов 2014 жылы Украинадан Қазақстан құрамасына 27 жасында келді. Ауысқан сәтте Недовесов 129 орында болған. Қазақстан құрамасының қатарында 2014 жылғы Азия ойындарында командалық жарыста жеңімпаз атанған. 2018 жылы Джакартадағы Азия ойындарында қола жүлдеге ие болған. Дэвис кубогында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған. Италия құрамасына қарсы шешуші ойында Фабио Фоньиниді жеңгені жанкүйерлердің есінен шыға қойған жоқ. Үлкен дулыға бәсекелерінде 2 айналымнан асып көрмеген. Әлемдік рейтингте 72-орынға дейін көтерілген. Қазіргі кезде жекелей сында тек Челленджер турнирлерінде өнер көрсетіп жүр.

Александр Бублик, 22 жаста,51-орын.

Александр Бублик 2016 жылы 19 жасында Қазақстан құрамасына қосылды. Ауысқан сәтте рейтингте 205-орында болған. Бублик ауысқан сәттен бастап өзінің таланттылығымен танылған. Бірақ Бублик қызу қанды ойыншы болғандықтан жақсы нәтижелер көрсете алмай жүрді. 2019 жылғы маусым Бублик үшін сәтті өтті. Екі рет АТР турнирінің финалына жетті. Үлкен дулыға бәсекелеріндегі үздік нәтижесі АҚШ ашық біріншілігінің үшінші айналымына жетуі. 2019 жылы Қазақстан құрамасының сапында алғаш рет Дэвис кубогында ойнады. Әлемдік рейтингте 47-сатыға дейін көтерілген. Қазірге кезде Қазақстнның ерлер арасындағы бірінші ракеткасы. Бублик көпшілікке өзінің жағымсыз істерімен белгілі. Жақында ғана Бублик матч барысында тенниспен тек ақша үшін айналысатынын, теннисті жек көретінін айтқан болатын. Қалай көп ақша табамын, бірден теннисті тастаймын деген болатын Бублик. Дегенменде Бублик қазіргі кезде қазақстандық теннисшілердің ішінен үздік өнер көрсетіп жүрген спортшы.

Қорытындылайтын болсақ бұл спортшылардың бәрі сырттан келіп қазақстандық атанғандар. Бірінші кезекте Қазақстан құрамасына ауысуға басты себеп ол әрине қаржылық көмек. Ресейден көрмеген жақсылықтарын бізге келіп көріп жатыр. Осы спортышлардың арқасында Қазақстан ерлер құрамасы әлемдік элитаның қатарында өнер көрсетіп жүр. Өкініштісі өзімізден шыққан теннисшілердің жоқтығы.Жоғарыда айтылған спортышлардың көбісі спорттағы мансабтарын аяқтауға жақын. Сол себептен олардың орнын басуға тағы да көрішілеріміздің көмегіне жүгінбей, елімізден талантты теннисшілер табылса дейміз. Сырттан келген спортшылар нәтиже көрсеткенімен, өз теннисімізді дамытқанымыз жөн. Қазіргі кезде барлық өңірлерде теннис орталықтары салынған. Тенниспен айналысып жүрген жас жеткіншектер саны жетерлік. Алдағы уақытта өзімізден шыққан теннисшілер саны көбейетініне үмітіміз бар.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер