Ерасыл Болат: Күйеу бала болуымды өтінетіндер әлі де көп
Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Даңқты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Ерасыл Болатты солардың қатарына жатқызуға болады. Cпорттық мәнсабы мен жеке өмірі үйлесім тауып жүрген талантты спортшы соңғы кезде ел көзінен таса қалып жүр. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, көптеген халықаралық турнирлерде топ жарған дзюдошы қазір қайда? Prosports.kz тілшісі осы сұраққа жауап алмаққа талпынып көрді
- Ерасыл, соңғы кезде көрінбей кеттің?
- Иә, оның да себебі жоқ емес. Кәсіпқой спортта жүрген соң жарақат алмай тұрмайсың. Соңғы жарақатым ауырлау болды. Сөйтіп дзюдоны қоя тұруға тура келді. Қазір қалпыма келе бастадым.
- Жаттығуға қашан кірісесің?
- Жаттығуды бастап кеттім. Әрине, қиын кезең болды. Ауыр күйзеліске түстім деуге де болады. Бүкіл арман, мақсаттарымның күлі көкке ұшқандай еді. Ешкімнің басына бермесін. Рас, спортшының жауы денеңді - мертіктіріп алу. Енді ғана өзіме өзім келіп, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына мақсатты түрде дайындалмақ ойым бар. Өзім серт бердім, Олимп шыңы бағындыру қолымнан келеді деп ойлаймын.
- Туған-туыстарың, достарың қолдау білдірген шығар?
- Жақындарымның бәрі дерлік қолдады. Арқасүйер дос-жаран бар. Бәріне алғысым шексіз.
- Жалпы Болат Тұрлыханұлы мен Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыхановтардың немересі, Жүрсін Ерманның жиені және Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болу ел алдында жүріп-тұруыңды қаншалықты қиындатады немесе керісінше жеңілдете ме?
- Асқан жауапкершілікті сезініп жүремін үнемі. Халыққа аса танымал тұлғалардың отбасынан шыққан соң, әр қадамымды аңдап басып, әр сөзімді ойланып сөйлеуге тырысамын. Аталарым, әкем салған сара жолды жалғастырсам деймін.

<br /> - Мамандар сені қазақ дзюдосының болашағына балады. Арманың Токио Олимпиадасына бару еді бір кездері…
- Оныңыз рас. Олимпиадаға баруды қатты армандадым. Оның үстіне өзім бұрын Токиода оқыдым ғой. Бірақ енді бұйырмай тұрған болар. Алланың бұйрығы ғой. Бәрі Жаратқанның қалауымен болады екен.
Жарақат алғаннан соң, өмірде спорттан да маңызды дүниелердің бар екенін түсіндім. Жұмысым мен сабағым да бар. Оған көңіл бөлмесең тағы болмайды.

- Бизнеске бет бұрды деп естідік. Немен айналысып жүрсің?
- Өмір бойы спортшы бола алмайсың. Сол үшін басқа салаға да бет бұрған жөн. Қазір логистика саласында жүрмін. Жеке бизнесім бар. Қолымнан не келетінін өзіме өзім дәлелдегім келеді.

- Бір кездері қыздардың арманына айналған сымбатты жігіт неге Instagram желісіндегі аккаунтын өшіріп тастады?
- Сондай бір кезең барлық адамның басынан өтеді екен. Жылтыраққа қызығып, жастықтың буымен біраз нәрсенің байыбына бармай жүрген уақыт та өтті. Рас,нәзікжандылар хат жазып, хабар алмасуды қалайтын. Күйеу бала болуымды өтінетіндер әлі де көп (күлді). Оның бәрі өткінші дүниелер екені анық. Қазір алдымда тұрған міндет - өмірдегі орнымды тауып, мақсаттарыма жету.
- Көп рахмет!




