Коронавирус: Токио Олимпиадасына қандай қауіп төніп тұр?
2020 жылды әлем халқы үрей құшағында қарсы алды. Қытайдың Ухань қаласында өткен жылдың аяғында тіркелген COVID-19 инфекциясы қаңтар айында қарқын ала түсті. Коронавирус атауымен әлемге таралған қауіпті инфекция жұқтырғандар саны 3 наурыздың кешіндегі мәлімет бойынша 92 мыңнан асқан. Ал коронавирус белгісі байқалған елдер саны 77-ге жетті. Осыған орай, бүкіл әлем мемлекеттері қауіпсіздік шараларын күшейтуде. Қазақстан билігі де шекараны қымтап, шеттен келетін азаматтарды қатаң бақылауға алуда. Сондай-ақ, ел аумағында өтетін ірі спортық жарыстарға шектеу қойып, тұрғындарға мейілінше сақ болу қажеттігін ескертіп жатыр.
Коронавирус әлемдік спортқа да үлкен қауіп төндіріп отыр. Алдымен Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлері кейінге шегеріліп, кейбір жарыстардып өткізу қауіпсіз мемлекеттерге ауыстырылған болатын. Кейін бірнеше әлем чемпионаттары мен әлем кубогі додаларының өтпейтіні анықталды. Тіпті, Токио Олимпиадасы мен футболдан Еуропа чемпионатының өту-өтпеуі туралы мәселе қозғала бастағаны да жасырын емес.
Токио Олимпиадасына эпидемия қаупінің төніп тұрғаны туралы алдымен ХОК мүшесі Ричард Паунд мәлімдеді. Ол 2020 жылдың мамыр айына дейін коронавирустың алдын алу шаралары жүргізілуі қажеттігін ескертті.
«Қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөліп, олимпиадалық деревнядағы тамақ құрамына аса мән беру қажет. Ұйымдастыру комитеті мамыр айына дейін қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Егер вирус қарқыны бәсеңдемесе, Токио Олимпиадасының өтпеу қалу қаупі де бар», - деді WADA-ның бұрынғы басшысы әрі ХОК-тың ең егде мүшелерінің бірі Ричард Паунд 25 ақпандағы АР агенттігіне берген сұхбатында.
Кейін ХОК президенті Томас Бах мырза әлемдік БАҚ-тарға сұхбат беріп, Олимпиада ойындарына қандай да бір кедергі болмайтынын мәлімдеген.
«Біз 24 шілде күні Токиода Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын өткізуге дайындалып жатырмыз. Біз осы күнге жету үшін бірлесе жұмыс істеудеміз. Олимпиада ойындарына дайындық барысында, әсіресе, іріктеу турнирлерін өткізу кезінде ұлттық олимпиадалық комитеттер мен федерациялардың күш біріктіргені қуантады. Біздің қазіргі міндетіміз – Олимпиадаға іріктеу турнирлеріндегі қауіпсіздікті күшейтіп, спортшылардың денсаулығына зиян келтірмеу. ХОК барлық елдердің билігімен және ұлттық олимпиадалық комиттермен бірлесе отырып 24 шілдеде ашылу салтанатын өткізуге ниетті», - деді Бах наурыздың басындағы сұхбатында.
ХОК басшысы сенімді мәлімдеме жасады. Дегенмен, вирустың беті бері қарамайынша төртжылдық додасын өткізу де қиынға соқпақ. Эпидемия ошағы Қытаймен көршілес жатқан Жапония коронвирус жұқтырған мемлекеттер көшінде бесінші орында келеді. Сондай-ақ, вирустар көз жұмғандар саны 3 наурыздағы мәлімет бойынша 12 адамға жеткен. Әсіресе, марафон мен спорттық жүрістен жарыстар өткізілетін Хоккайдо префектурасында коронавирус қаупі өршіп тұр.
Осыған орай, Токио Олимпиадасын ұйымдастырушылар төртжылдық додасын сәл кейінге шегеруді ұсынып отыр.
«Халықаралық олимпиада комитеті жазғы ойындар 2020 жылдың соңына дейін өткізілмейтін болса ғана кейінге шегере алады. Демек, жыл соңына дейін ұйымдастыратын мүмкіндік бар», - деді Жапония парламентінде сөз алған Олимпиада және Паралимпиада ойындары жөніндегі министр Сэйко Хасимито.
ХОК министрге дереу жауап жолдап, Олимпиада ойындарын дәл уақытында өткізуге мүдделі екендіктерін тағы да мәлімдеді. Томас Бах бастаған лауазымды тұлғалар коронавирус қаупіне қарамастан, спортшыларды Токио Олимпиадасына дайындалуға шақырды.
Бүгінде коронавирусқа байланысты бірнеше әлемдік жарыстар шегерілді.
Ең алдымен коронавирустың ошағы саналатын Уханьда өтуі тиіс бокстан Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирі кейінге шегерілді. Ақпанда өтуі тиіс боксшылар додасы кеше Иорданияның Амман қаласында басталды. Токио жолдамасынан үмітті қазақстандық боксшылар бүгін шаршы алаңға шығады.
Қытайда өтуі тиіс таеквондодан Олимпиадаға іріктеу турнирін де Амман қабылдайтын болды. Сонымен қатар, коронавирус қаупіне байланысты күрес түрлерінен Азия аймақтық іріктеу турнирі Қытайдан Қырғызстанға ауыстырылған болатын. Алайда, соңғы сәтте Қырғызстан билігі де жарысты өткізуден бас тартты.
Қазақстан тарапы да коронавирустан сақтану жолдарын бастап кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен елімізде өтуі тиіс спорттық жарыстарға рұқсат берілген жоқ. Ақпан айында Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылуы тиіс су добынан Азия аймақтық іріктеу турнирі мен ауыр атлетикадан Азия чемпионатын өткізуге тыйым салынды.
Велоспортттан «Оман туры» көпкүндігі жарыстың аяқталуына екі күн қалғанда тоқтатылса, Оңтүстік Кореяда 13-15 наурызға жоспарланған шорт-тректен әлем чемпионаты белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Наурызда Қытайда ұйымдастырылатын жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем біріншілігі 2021 жылдың еншісіне қалды. Әлемдік спорт қауымдастықтары шайбалы хоккейден, тау шаңғысынан, дзюдодан өтуі тиіс ірі жарыстарды өткізуге шектеу қойды.
Осы орайда, Қазақстан ҰОК-те коронавирус қаупіне байланысты мәлімдеме жасады.
«Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін спортшылардың денсаулығы өте маңызды. Сақтық шараларымен қатар, қауіпсіздік шараларын да күшейту қажет. Бізде ұлттық федерациялармен бірге коронавирустың таралмауы және қазақстандық спортшыларды індеттен қорғау бойынша алдын-алу шараларына қатысты біртұтас және берік ұстаным болуы керек. Алдын алу шараларының барлығын қолдану керек», - деді ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.
Әлемде коронвирус жұқтырған адамдар саны 3 наурыз күнгі кешкі мәліметтер бойынша 92,314-ке жетті.
Коронавирус кеңінен таралған елдердің алғашқы бестігіне Қытай (80 151), Оңтүстік Корея (5186), Иран (2336), Италия (2036) және Жапония (2830) енген.