ММА

«Жако»: Багаутиновты жеңуім біраз нәрсені аңғартса керек

«Жако»: Багаутиновты жеңуім біраз нәрсені аңғартса керек
news-banner7
mobile-news-top

Prosports.kz сайтының тілшісі Fight Nights Global тұжырымының чемпионы қазақстандық Жалғас Жұмағұловпен (12-3) болған блиц-сұхбатты назарларыңызға ұсынады.

- Жалғас, Сочи қаласында өткен Fight Nights Global 95 турнирінен кейін ешкіммен жекпе-жекке шыққан жоқсың, қазіргі бабың туралы айта өтсең...

- Бәрі ойдағыдай. Жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатқан жайымыз бар. Мықты спаррингтер мен сапалы жаттығуларды жалғастыра береміз. Күнделікті жұмысымыз ғой. Оның үстіне алда жауапты іс күтіп тұр.

- UFC ұйымымен келісімшарт сиырқұйымшақтанып кетпей ме?

- Жоқ. Біздің ауызша келісіміміз бар және жақында АҚШ-қа баруымыз керек, виза күтіп жүрміз. Ойдағыдай шешіліп кетсе деп тілейміз.

- Демек, сені аталған тұжырымға ауысады деп нық сеніммен айта берейік пе?

- Өмірде бәрі Аллаһтың қалауымен болады. Ауысатыным анық.

Сенің ойыңша, UFC мен Fight Nights файтерлерінің қайсысы мықты?

- Меніңше екі ұйымның да спортшылары аса мықты. Көбіне өзіңе байланысты. Жаттығу лагерінде жауапкершілікті сезіне отырып, дайындалсаң, кез келгенін жеңуге болады.

- UFC тұжырымының деңгейі жоғары дегенім ғой...

- Оныңыз рас. Бәріміз соған ұмтылып жүрміз. Уақыт көрсете жатар.

- Бойыңды қорқыныш билемей ме? Қанша дегенмен жаңа ұйым, басқа деңгей...

- Бойымыз үйренген ғой (күлді). Ешкімнен қорықпаймын. Өзім де жоғары деңгейде жекпе-жектер өткізіп жүрмін. Өздеріңіз білесіздер, соңғы жекпе-жегім Али Багаудиновқа (19-7) қарсы өтті.Өте мықты файтер. Намысқа тырысып жеңіске жеттім. Кездесу бес раундқа созылды. Төрешілер бірауыздан жеңісті маған берді.

2018 жылы Тагир Уланбековты жеңдім. Ол да қарымды спортшы. Сол себепті UFC тұжырымының кез келген сарбазымен шығуға дайынмын деп тағы қайталаймын.

- Жалғас, Қазақстанда аса танымалсың. Сенің жекпе-жектеріңді қалт жібермей тамашалайтын фанаттарың бар. Олар да сенің ауысуыңды қалайды. Жанкүйерлеріңе қандай тілек айтқың келеді?

- Баршаңызға рахмет! Жанкүйерсіз спортшы жетім бала сияқты. Халықтың қолдауының арқасында ғана биік шыңдарды бағындырасың. Күш-қуат әуелі Жаратушыдан, одан кейін артыңдағы жұртыңның демеуімен келеді. Кәсіпқой спортта жүрген барлық спортшы мұны біледі, әрі сезінеді. Сол үшін де тек алға жүре бермекпіз.

- Көп рахмет!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер