Ерлан Серікжанов: Корея мен Жапония спортшылары мен үшін ыңғайсыз қарсылас

Ерлан Серікжанов: Корея мен Жапония спортшылары мен үшін ыңғайсыз қарсылас

Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Ерлан Серікжанов Тель-Авивтегі Гран-при турнирін қорытындылап, алтынсыз қалуының себебін түсіндірді.

– Жаңа маусымдағы алғашқы жарыстан күміс медаль алып, жылды сәтті бастадық. Бұл менің әлемдік Гран-при кезеңіндегі екінші күміс жүлдем. 2019 жылғы Азия чемпионатынан кейін жолым болмай, жарыстардан құр қол қайттым. Бапкерлеріммен бірге былтырғы маусымда жіберген қателермен жұмыс істедік. Жыл басында командамен Австрияда арнайы халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Соның нәтижесінде финалға шықтым деп ойлаймын.

Ал Израильдегі дода өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Спортшылардың барлығы олимпиадалық рейтингке ұпай жинап, жан таласуда.

Тель-Авивте өтіп жатқан Гран-при турнирінде бес кездесу өткіздім. Оның төртеуінде жеңіске жеттім. Ең қиын кездесу деп жартылай финалдағы изральдік Барух Шмаиловпен өткен белдесуді айтар едім. Осымен үшінші рет кездесіп отырмыз. Жартылай финалда екі рет әдіс жасаған болатынмын. Алайда, төрешілер оны есепке алмады. «Алтын ұпайға» дейін күресіп, қарсыласымды оң иыққа салып алып жығып, таза жеңіске жеткен соң, финалға жолдама алдым.

Белдесу аяқталғаннан кейін Шмаилов Барухтың бапкері келіп, әдістің, екі ұпайдың болғанын мойындап, кешірім сұрады. Финалдағы жоспарымыз тізеге отырып лақтыру әдісін бермей, денесін қысып күресу болатын. Өкінішке қарай, ол ойымыз іске аспай қалды.

Менің оң жамбасыма келмейтін қарсыластарым - Оңтүстік Корея мен Жапония спортшылары. Күресіміз классикалық болғандықтан, ыңғайсыз қарсылас саналады. Қазіргі таңда осыған қарсы әдіс-тәсілдерді үйреніп жатырмыз. 2020 жылды күміспен бастасам, алтынмен аяқтаймын деп ойлаймын", - дейді Ерлан Серікжанов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или