Грек-рим күресі

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы биылғы маусымды қалай аяқтады

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы биылғы маусымды қалай аяқтады
news-banner7
mobile-news-top

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы үшін 2019 жылғы маусым аяқталды. Жылды Нұрым Дүйсеновтің басшылығымен бастаған балуандар әлем чемпионатына азғантай уақыт қалғанда Бақтияр Байсейітовтің қоластына өтті. «Классиктер» құрлық додасынан да, әлемдік сыннан да жүлдесіз қалған жоқ. Десе де, балуандар қоржынына басты медаль – алтын жүлде түспеді.

Грек-рим күресінен Қазақстан командасы биылғы маусымды Шымкенттегі оқу-жаттығу жиындарынан бастады. Кейін еліміздегі жазғы Спартакиада өтіп, Азия чемпионатына қатысатын спортшылар іріктелді.

Болгариядағы дәстүрлі «Дан Колов – Никола Петров» турнирінде қазақстандықтар 1 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. 55 келідегі Хорлан Жақанша күміске иелік етсе, Аманғали Бекболатов (55 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Темірлан Шадукаев (77 келі) және Хусейн Муцольгов (87 келі) қола жүлдегер атанды.

21-24 наурыз күндері Моңғолияда 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпонаты өтті. Аталған бәсеке жас спортшыларға берілген үлкен мүмкіндік еді. Алғаш рет өткізілген құрлық додасында Нұрбек Қызыров (67 келі) пен Олжас Сырлыбай (97 келі) алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, команда еншісінде екі күміс және үш қола жүлде бар.

2019 жылғы маңызды турнирлердің бірі - Азия чемпионаты 21-24 сәуір күндері Қытайдың Сиянь қаласында өтті. Өкінішке қарай, сары құрлық додасынан бас жүлде бұйырған жоқ. Мейіржан Шермаханбет финалда ұтылса, Хорлан Жақанша (55 келі), Демеу Жадыраев (72 келі), Темірлан Шадукаев (77 келі), Мақсат Ережепов (82 келі), Азамат Күстібаев (87 келі), Дамир Күзембаевтар (130 келі) қола медаль тағынды. Азия біріншілігінде алтынсыз қалған соң, команда бас бапкері Нұрым Дүйсенов қызметінен босады.

Жылдың басты спорттық оқиғасы – Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты басталғанға дейін «классиктер» бірнеше халықаралық турнирге қатысты. Алматыдағы Болат Тұрлыханов мемориалында Асхат Ділмұхамедов (77 келі) алтын, Айдос Сұлтанғали (60 келі) күміс, Асхат Жаңбыров (77 келі) қола медаль еншілесе, Олег Караваев турнирінен Байсейітов баптайтын спортшылар 4 қола жеңіп алды. Сондай-ақ, Германияда өткен Гран-при турнирінде Алмат Кебіспаев күміс, Асхат Ділмұхамедов қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Күрес түрлерінен елордада өткен лицензиялық әлем чемпионаты балуандар үшін табыссыз болған жоқ. 55 келідегі Хорлан Жақанша ақтық сында грузин балуанынан ұтылып, өз мансабында алғаш рет әлемдік сынның тұғырына көтерілді. Мейрамбек Айнағұлов (60 келі) әлем чемпионатының екінші қоласын иеленіп қана қоймай, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясын ұтып алды.

Ал команда капитаны, тәжірибелі балуан Алмат Кебіспаев 63 келіде қола медаль еншілеп, әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделер санын төртке жеткізді.

77 келідегі Асхат Ділмұхамедов әйгілі Олимпиада чемпионы Роман Власовты жеңгенімен есте қалды. Сондай-ақ, Асхат осы салмақтағы Олимпиада жолдамасына иелік етті. Ол әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтаған болатын.

Грек-рим күресі шеберлері үшін жылдың қорытынды жарысы 28 қазан – 3 қараша аралығында Будапештте (Венгрия) өтті. 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында Евгений Поливадов пен Темірлан Шадукаев үздік үштікке енді.

Бүгінде Қазақстан командасы 2020 жылғы тартысты маусымға дайындық үстінде. Балуандар келесі жылдың алғашқы ресми жарысы – Франциядағы халықаралық турнирге қатысады. Жарыс 15-20 қаңтар аралығында ұйымдастырылады.

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер