Live
Спорттағы коронавирус
Грек-рим күресі

Дәулет Болатұлы - 56 жаста!

Дәулет Болатұлы - 56 жаста!

Бүгін, 18 қарашада даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов 56 жасқа толды.  Осыған орай, Prosports.kz сайты қазақтың батыр ұлын туған күнімен құттықтай отырып, атағы асқақтаған спортшы туралы қысқаша жазбаны оқырман назарына ұсынады.

Айдынды туған  айбынды балуан

     1990 жылдардың орта тұсында спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлының «Дәулет» оқымаған адам кемде-кем болар.

1986-90 жылдары КСРО-ны 5 рет ұтқан Дәулет Болатұлы одақтың кенеуі кеткен тұста тағы екі рет жеңімпаз атанды. Сөйтіп, жеті дүркін чемпион атанған жалғыз балуан болды, ұлты – қазақ. 1986 жылы КСРО чемпионатына алғаш қатысуға бара жатқан балуан үздік бестікке кіруді көздеп, чемпион болып оралды. Қалбатауда қанаттанып, Таскескенде түлеп, Алматыда айдыны шыққан балуан.  КСРО және ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Жүздеген,  жүздеген дейміз-ау, мыңдаған баланың жүрегіне үміт ұялатқан үлгілі жан. Мыңдаған ата-аналар өз балаларының есімін Дәулет деп атады.

Басынан бақайшағына дейін балуан

Жер жүзіне даңқы жайылған Дәулет жүрген жерінде жүлде тере жүрді. Атап айтқанда, 1989 жылы Швейцарияның Мартини қаласында әлем чемпионы атанды. Одан беріректе, араға төрт жыл салып Стокгольмде (Швеция) күміске қол жеткізді. 1987 жылы Францияда қолаға қол созды. 1987, 1990 жылдары әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы атанды. Шиыршық атқан шағында 1988 жылғы Сеул олимпиадасының  финалына шығып, күміс жүлдегер атанды. 1992 жылы Барселонада үшінші орыннан көрінді. Бұдан бөлек, Еуропа құрлығының (1987), Азия ойындарының (1994) чемпионы. Екі жыл қатарынан, нақтырақ 1995-96 жылдары сары құрлықта оған тең келер ешкім болған жоқ. КСРО халықтары спартакиадасының алтын, күміс жүлдегері. Оңтүстік Корея жерінде өткен төртжылдықтың орны тым бөлек Дәулет Болатұлы үшін. Алтынға бергісіз күміс!

Аңыз адам

Спорттағы негізі атақ-даңқы: КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1994), Қырғызстаның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1996),  «Қазақстанның Үздік жаттықтырушысы» (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2000).

Марапаттары:1989 жылдың 29 шілде айында  КСРО Жоғарғы кеңесінің жарлығымен  «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1995 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен, 1998 жылы «Астана» медалімен, 2001 жылы – «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі, 2002 жылы – «Қазақстан спортына еңбегі сіңгені үшін» медалі, 2006 жылы –«Қазақстан Парламентіне - 10 жыл» медалі, 2009 жылы– «Құрмет» ордені, 2016 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Сондай-ақ  2004 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін «І Ұлы Петр» ордені табыс етілді.

Азаматтық абыройлы атақтары: Дәулет Болатұлы Абай, Жарма, Үржар адандарының құрметті азаматы екенін айта кету керек.

Ғылыми атақтары:  1998 жылы – Қазақ спорт академиясының құрметті профессоры, 1999 жылы – педагогика ғылымдарының кандидаты, 2005 жылы – РФ спорт академиясының академигі.

Саясаттан да ойып тұрып орын алған Дәулет Тұрлыханов мынадай қызметтерді атқарды:  Екі мәрте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды (1995, 1999), Туризм және спорт агенттігінің төрағасы (2000 – 2004), Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасы (2004-2006).

Қазіргі уақытта Азия күрес кеңесінің президенті, Әлемдік біріккен күрес кеңесінің мүшесі, ҚР күрес федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарады.

Дайындаған Мадияр Арстанбаев

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0