Сидней Олимпиадасының жүлдегері: Күміс - қолда, алтын жолда

Сидней Олимпиадасының жүлдегері: Күміс - қолда, алтын жолда

Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионатының басталғаны кеше еді, сенсациялардың болып жатқанын да көзіміз көріп жатыр. Жанкүйерлер грек-рим күресін қызықтап жатса, алда еркін күрес шеберлерінің белдесулерін тамашалайды. Қазақ елінің балуандары да алақан ысқылап отырғаны анық. Осы орайда Prosports.kz тілшісі еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтен блиц-сұхбат алған болатын.

Ислам Ілиясұлы, көптен күткен әлем чемпионаты да басталды...

Иә, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген мақал осындайда айтылса керек.

Сіздің ойыңызша грек-рим күресі балуандарыны аяқ алысы қалай?

Мейрамбек пен Асхат финалға шығады-ау деп ойлап ем, өкінішке орай екі жігітіміз де ұтылып қалды. Ділмұхаметов екі бірдей мықтыны алып ұрғанда қатты қуанып едік. Алтын бұйырмай тұр екен.

Дегенмен екеуі де Олимпиада лицензиясына ие болды ғой?

Әрине ол дегеніңіз – үлкен ерлік. Өз жерімізде чемпион атанса деген тілек қой біздікі.

Алда еркін күрес шеберлерінің белдесулері бар. Оны ерекше күтіп отырған шығарсыз.

Тақым қысып отырғанымыз рас. Балуандарымыз жерге қаратпайтын шығар деп сенеміз.

Стандартты сұрақ – кімдерден үміт күтесіз?

Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков, Нұрқожа Қайпанов, Данияр Қайсанов және Әділет Дауланбаев, он балуанның ішіндегі осы бесеуінің жолына үмітпен қараймын. Сондай-ақ 61 келідегі Расул Қалиевті де айтуға әбден болады. өте тәжірибелі балуанның бірі осы – Расул.

Алтын жүлде бұйыра ма, қалай ойлайсыз?

Ол енді құдайдың қолында ғой. Айта алмаймын. Менің болжамым аталған спортшылардың ішінде жүлде алатыны міндетті түрде бар. «Күміс қолда, алтын жолда» деп отырмын.

Санаев бабында сияқты. Өткен жылы ерлік жасады Нұрислам. Қайсанов пен Қайпановтар да біраз жетістікке жетті...

Бұл спорт қой. Бір жарыста жеңіп келсең, келесі жарыста сүрінуің мүмкін. Бап, бақ, бәрі қатар шапса, спортшының алмайтын қамалы болмайды.

Неден қауіп қыласыз?

Балуандардың физикалық жағдайы, функционалдық деңгейі жақсы болуы тиіс. Бізге сол жетіспей жатады. 2-3 айналым күресіп жеңіске жеткен бауырларымыздың күш-қуаты соңына дейін жетпей жатады. Сол үшін түрлі дәрумендер жағын реттеп. Спортқа фармакология саласын дендеп енгізу керек.

Олимпиаданың неше лицензиясын алуымыз мүмкін?

4-5 лицензия бұйырар деп ойлаймын және соған ұмтылуымыз керек. Бапкерлер де спортшылар да Олимпиаданы қаперден шығармаса екен деймін.

Көп рахмет!

Дайындаған Мадияр Арстанбаев

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или