Киберспорттың патшалары. Ең табысты 5 ұжым
Киберспорт туралы естігенде бірден компьютер ойыны мен миллиондаған ақша көз алдымызға елестейтін болды. Соңғы жылдары қарыштап келе жатқан спорттың ерекше түріне қомақты қаржы инвестицияланып жатыр. Миллиондаған жүлде қорлары, жүздеген мың долларды ойнататын түрлі-түрлі турнирлер көбейіп келеді. Осыған қарап киберспорт командаларының табысы қандай екен деген ой келеді.
Табыстың негізгі көзі жеңімпазға берілетін қомақты сыйақы мен жарнамалық келісімшарт екені анық. Одан бөлек ойыншыларды сату, түрлі трансляциялар жасау қосымша табыс әкеледі. Киберспорт тарихында ең көп жүлде алған команда қайсы?
5. Newbee — $11 948 876
Аспан асты елінде құрылған NewBee ұйымы 2014 жылы біраз шу көтерді. Құрамында Dota 2 ойынынан кілең мықты ойыншыларды жинаған Newbee сол жылы The International турнирінде теңдессіз екендерін дәлелдейді. Бірақ ұзақ уақыт өтпестен команданың белді ойыншылары өзге ұжымдарға ауыста бастады. Көшбасшыларынан айырылған NewBee біраз әлсірегенімен әлі күнге мықты командалардың қатарында. Қазір Young және NewBee.Miracle екі ұжымы бар.
Биыл беделді The International 2019 турниріне жолдама алған, бірақ қаржылық қиындықтарға байланысты ыдыраған Forward ұйымының бұрынғы мүшелерін Newbee ұйымы бірден өз қатарына қосып алды. Ұйымның Dota 2, Hearthstone және StarCraft командалары бар. Қазір Newbee командасының жалпы жүлде қоры $11 миллионды құрайды.
4. LGD Gaming — $15 795 853
Dota 2,CS:GO, LOL, Overwatch және PUBG секілді кеңінен тараған ойындар бойынша бақ сынайтын LGD Gaming командасы жарыстардан бүгінгі таңға дейін $16 миллионға жуық табыс түсірген екен. Қытайлық тағы бір алпауыт. 2009 жылдан бастап сынға түсіп жүрген ұйымның көшбасшылары жылда ауысқанымен нәтижесінің төмендемейтінімен ерекшеленеді. Азия құрлығында біраз жетістікке жеткенімен әлемдік деңгейде жолы болмай жүрді. Алайда өткен жылы франциялық футбол алпауыты Пари Сен-Жермен клубымен келісімшартқа отырып, PSD.LGD Gaming деген жаңа атау алғаннан соң істері ілгерілей бастады. Соның бір дәлелі - EPICENTER XL турнирінің финалында Team Liquid командасын жеңіп, жеңімпаз атануы.
3. Evil Geniuses — $19 275 848
1999 жылы Солтүстік Америкада құрылған ұйым. Әу баста EG компаниясы киберспорт нарығында пайда табу үшін құрылғанын ашық мәлімдеп, дарынды ойыншыларды іздеу бастады. Evil Geniuses 2011 жылы көшбасшы киберспорт ұйымдарының ара-қатынасын нығайту мақсатында құрылған G7 Teams федерациясының мүшелігіне енді. Ал араға 3 жыл салып Twitch стриминг жүйесі команда көз салып, бір жыл өткеннен соң The International 2015 жарысында қарсылас шақ келтірмейді. Ұйымның көшбасшы ұжымдары Dota 2, Counter-Strike және StarCraft II тәртіптері бойынша бақ сынайды.
Осы күнге дейін 686 турнирде топ жарып, жалып сомасы $19 миллионды құрайтын сыйақыны қалтасына басқан. Қазіргі таңда әлемнің ең табысты үш командасының қатарына кіреді.
2. Team Liquid — $27 344 356
Еуропадағы ең ірі киберспорт ұйымдарының бірі. Құрамында 14 тәртіп бойынша бақ сынайтын командалары бар. Ал үздіктері - Counter Strike: Global Offensive, Dota 2, League of Legends, Heartstone. Бұл ұйым киберспорттың енді аяққа тұрған уақытында құрылған. Нақтырақ айтқанда 2000 жылы. Team Liquid ұйымының негізін қалаушы Виктор Гусенс бастапқыда қарапайым сайт ретінде ашқан екен. Сол кездегі 17 жасар бала өзі секілді стратегиялық ойындарға қызығатындар үшін арнайы форум жасап, бар білгендерімен бөлісе алатын алаң етіп ашқан.
Team Liquid порталы 10 жыл бойы жанкүйерлер сайты болып, еріктілердің арқасында жұмыс істеп тұрды. Бірақ 2010 жылы ойын нарығында бұзып-жарып енген StarCraft 2 ойыны порталдың өмірін өзгертті. Team Liquid порталдан киберспорттық ұйымға бет бұрды. Арада екі жыл өткенде Dota 2 ойынынан команда жиналып, 2017 жылы The International турнирінде топ жарды.
Биыл өткен The International 2019 турнирінің гранд-финалына өтіп, екінші орын алды. Қазіргі таңда Dota 2, CS:GO, PUBG, Fortnite, LOL, HoTs, Hearthstone және StarCraft командалары бар. Жүлде қоры - $27 миллион.
1. OG — $32 501 770
Бұл ұжым өзгелерге қарағанда кеш құрылған. 2015 жылы өздерін Business деп атаған ойыншылар Dota 2 ойыны бойынша бақ сынауға бел буады. Әуесқой ойыншылар күтпеген жерден MLG World Finals 2015 турнирінде 3-4 орындарды иемденіп, The Frankfurt Major 2015 додасының іріктеу кезеңінде жеңіске жетеді. Бұл жетістіктен соң Twich-тің бәсекелесі Hitbox стриминг жүйесі қолдау көрсете бастайды. Team OG деген атау алған киберспортшылар бірден жоғары нәтиже көрсете білді. The Frankfurt Major, The Manila Major, The Boston Major, The Kiev Major секілді турнирлерде қарсылас шақ келтірмеген Team OG 2018 жылы беделді The International турнирінің шыңын бағындырады.
Тек Dota 2 командасы болғанына қарамастан бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда табысты. Биыл да The International жарысында топ жарып, екі жыл қатарынан осы бір беделді турнирді жеңіп алған алғашқы команда атанды. Осы турнирдің арқасында OG командасының қалтасы $16 миллионға қалыңдай түсті. Ал оның ойыншылары Esports Earnings нұсқасы әлемнің ең табысты киберспортшылары атанды. Рейтингінің көшін OG командасының капитаны Йохан n0tail Сундштайн бастады. Ол мансабында $6,9 миллион табыс тапқан. Ал одан кейінгі төрт орынға оның командадағы әріптестері жайғасқан.