Айбек Нұғымаров: Жеңісімді қазақ еліне арнаймын

Екі дүркін «Әлем барысы», ал бүгін екі дүркін «Қазақстан барысы» атанған балуан Айбек Нұғымаров бүгінгі турнирден кейінгі пікірімен бөлісті.
«Шыны керек, бес балуанмен өткен кездесудің бәрі де оңайға түскен жоқ. Оның үстіне ораза ұстаған едім. Содан аздап әлсіздік болды. Ораза айының біткеніне де үш-ақ күн болды ғой. Алла бұйырып, бүгін жеңімпаз атандық», - деді Айбек Нұғымаров турнирден кейін тікелей эфирде «Қазспорт» тілшісіне берген сұхбатында.
Екі дүркін «Қазақстан барысы» және екі дүркін «Әлем барысы» бүгінгі жарыста жеңіс оңай келмегенін мойындады.
«Біріншіден, өзіңіз білетін Дәулетхан Жақыпов атты өте абыройлы, тәжірибелі спортшымен шықтым. Екінші қарсыласым - Дәурен бауырым да мықты. Одан кейінгі Мұхит бауырымды да жеңу оңай болған жоқ. Сосын алматылық Руслан Әбдіразақовпен шықтым. Бәрі де - «сен тұр, мен атайын» деген балуандар ғой. Финалда да Ерасыл бауырыммен белдесіп, едәуір шаршадым. Өйткені, барлығымен толық бес минут белдесіп шықтым. Ауырлау болды», - деді ол.
Айбек Нұғымаров сондай-ақ «қазақ күресімен шұғылдануды жалғастырасыз ба, әлде жоқ па?» деген сұраққа жауап берді.
«Күресті қоямын деп айта алмаймын. Күресті қоятын бір реті келер. Бұйырса, келесі жылы да күресуге тырысам. Жеңісті ең алдымен үйдегі әке-шешеме, қазақ еліне, шығысқазақстандықтарға арнаймын», - деді Айбек Нұғымаров.
Еске сала кетсек, елордада өткен «Қазақстан барысы-2019» турнирінде Айбек Нұғымаров жеңімпаз атанды. Финалда ол шығысқазақстандық тағы бір балуан Ерасыл Қажыбаевтан айласын асырды.