Асхат Ділмұхамедов: Кілемнен кетуге асықпаймын
Алматыда аяқталған «Болат Тұрлыханов кубогінің» жеңімпазы, 77 келіде ел намысын қорғаған Асхат Ділмұхамедов Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, турнирді қорытындылады. Балуанның айтуынша, бұл сайыс айтарлықтай оңай болмаған.
«Турнирді бір деммен өткізіп шықтым деп айта алмаймын. Қарсыластарымның барлығы Азия және әлем чемпиондары. Бұл жарыс мен үшін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі іспетті. Сол себепті, маңызы өте жоғары. Балуандар бәсекесі өз жерімізде өтетіндіктен, жанкүйер сенімін ақтауды ойладым. Көрермендер қиқулап, жігеріңе жігер қосып отырғанда ерекше сезім билейді екен», - дейді Асхат.
Асхат Ділмұхамедов жасының біразға келгеніне қарамастан, кілемнен кетуге асықпайтынын айтады.
«Көпшілік менің кілемнен қашан кететінімді сұрайды. Меніңше, бойыңда күш барда күресе беру керек. Жаттығу мен тамақтану режимім дұрыс, әлі де шамам бар. Не үшін күреспеске? Өмір адамға бір рет беріледі, сондықтан, оны мейілінше мүмкіндігіңді пайдалану қажет. Елімнің атын шығарғым келеді. Біз өзіміз үшін емес, ел үшін, халық үшін кілемге шығамыз. Қазақтың туы президент келгенде және спортшыға жеңіс тұғырында тұрғанда ғана көтеріледі. Қолымнан келгенше жанкүйер мерейін асыруға тырысамын.
Бүгінде жоспарым өте көп. Солардың ең бастысы –Токио Олимпиадасына жолдама алу. Кілемнен әлі күнге кетпегенімнің де себебі осы. Әрбіп спортшы Олимпиадаға қатысуды армандайды. Жарақат салдарынан Риодан тыс қалдым. Ал қазір Олимпиадада сынға түсуге моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да дайынмын. Алла қаласа, бәрі ойдағыдай болады деп сенемін. Алда өз әлеуетімді көрсететін жарыстар тізбегі көп. Ең басты сын – елордадағы лицензиялық әлем чемпионаты. Біздің спорттан әлем чемпионының шықпағанына көп болды. Ағаларымыздың жарқын жеңісін жалғастырсам деген тілегім бар. Менің салмағымда талантты балуандар өте көп. Жеңіл салмақтарда азиялықтар көш бастаса, ауыр салмақта Еуропа өкілдерінің шоқтығы биік. Мен орта салмақта күресемін. Мұнда кез-келген қарсылас қарымды», - дейді ол.
Еске сала кетейік, Тұрлыханов турнирінің финалдық сынында Асхат Ділмұхамедов 2018 жылғы әлем чемпионы, ресейлік спортшы Александр Чехиркинді 4:1 есебімен жеңді.