Басқа

Ермұхамед Мәулен: Цыбулинге «Qazsport» басшылығынан кету керек

Ермұхамед Мәулен: Цыбулинге «Qazsport» басшылығынан кету керек
news-banner7
mobile-news-top

Соңғы уақытта көрермендер мен сарапшылар «Qazsport» телеарнасына түрлі сындар айтып жүр. Сондай сындардың бірі футзалдан Алматыда өткен Чемпиондар лигасының матчтарын көрсетпеуінен соң айтылды. Осы орайда елімізге танымал спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында телеарна мен оның бас директоры Павел Цыбулин жайлы ойын айтты.

- Ермұхамед, сіз еліміздегі ең үздік спорт комментаторларының бірісіз. Қазір немен айналысып жүрсіз және эфирден даусыңызды қашан ести аламыз?

- Қазір ешбір арнада спорт матчтарын жүргізбеймін. Анда санда «Хабар» телеарнасындағы спорт трансляцияларында комментатор болып тұрамын, оның өзі жиі бола бермейтінін білесіздер. Одан бөлек, Қазақстан Премьер-лигасы мен Кубогының матчтарын көрсететін ПФЛК-ТВ жобасында істеп жүрмін. Қазақстандағы футбол матчтарын елімізде ешбір телеарна көрсетіп жүрген жоқ.

- Сіз «Qazsport» телеарнасының көрермендерін өз даусыңызбен қуантып жүрген едіңіз. Бірақ кетіп қалдыңыз. Бұған басты себептер қандай?

- Менің «Qazsport» арнасынан кетуіме түрлі себептер бар. Маған жала жабылды, бірнеше орынсыз сөгістер айтылды. Мұның бәрі басшылықтың қызметкерлермен дұрыс тіл табыса алмауынан болып отыр. Менен кейін телеарнада істеп жүрген он шақты қызметкер де кетіп қалды. Олар мықты режиссерлер мен журналистер болатын. Соны да ескере кету керек. Тек мен сәл танымалдау болғасын, менің кеткенім көрініп қалды. Негізі, жұмыс істеуге қолайлы болмағандықтан, телеарнадан болашақ көрмегендіктен бірнеше мықты қызметкер кетіп қалды.

- «Qazsport» Азия ойындары, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының финалы, футболдан Қазақстан Премьер-лигасының матчтарын көрсетпей, өз беделін түсіріп алды. Олардың Франция және Испания чемпионаттарына басты назар аударғаны немен байланысты деп ойлайсыз?

- Бұл - басшылықтың тікелей салғырттығы. 2013 жылы телеарна ашылған кезде қазақстандық спортшылар қатысқан сайыстардың бәрін көрсеттік. Телеарнаның басшысы Есей Жеңісұлы болып тұрған кезде тамаша тың идеялар жүзеге асты. Түрлі деректі фильмдер сериясын көрсеттік. Телеарнаның басшысы Диас Ахметшәріп болғанда да осы іс жалғасын тапты. Қазақстандық спортшылар қатысқан барлық жарысты көрсеттік. Тіпті, таңғы сағат 7-де теннистен Аустралияда өткен Дэвис кубогының матчына дейін көрсетілді. Осының бәрі басшылардың арқасы. Одан кейін қазіргі басшы келген соң телеарнаның рейтингі де, телекөрермен алдындағы беделі де күрт төмендей бастады. Бұл менеджменттің жоқтығы деуге болады.

- Футзалдан «Қайрат» - «Спортинг» матчының трансляциясына байланысты жанжалдан соң арнаның бас продюсері Павел Цыбулинге көп сын айтылды. Одан бөлек, Prosports.kz редакциясына көптеген ақпараттар түсе бастады. Павелмен бірге жұмыс істеген адам ретінде ол туралы не айта аласыз?

- Цыбулинмен жиі келіспей қаламын. Қазақстандағы «Алматы Аренада» өтіп, Еуропаны, әлемді мойындатқан алматылық «Қайрат» футзал клубы ойнап жатқан Чемпиондар лигасының матчтарын спорт үшін ашылған жалғыз телеарнамыздың көрсете алмауы – ақылға сыймайтын нәрсе. Егер Чемпиондар лигасының финалында ойнап жатқан «Қайраттың» матчын көрсете алмаса, ол телеарна не үшін ашылды? Бұған Павел Цыбулин жөнді жауап бере алмады. Демеушілер тартып, ақшасын тауып, матчтарды көрсету құқығын сатып алуы қажет еді.

- Трансляцияларды неге сатып алғысы келмейді?

- Негізі, Павел Цыбулин тегін көрсетілімдерге құмар. Оған, әйтеуір, үнемі ақша жетпей жатады. Трансляцияның құқығын сатып алу көп қаражатты қажет етпейді де. Бірақ телеарнаның бюджеті басқа жаққа жұмсалады. Миллиондап тұратын жобалары бар. «Жеке бапкер», «Шахмат әлемі» секілді аутсорсинг бағдарламаларға көп қаржы жұмсайды да, трансляцияларды федерациямен келісіп алғысы келеді. Үнемі солай. Мысалы, «Qazsport» телеарнасының қызметкерлері іссапарға федерациялардың атынан барады. Арнаның өзі ақша бермейді. Сондықтан, іссапарға кеткен журналистер жарыстар туралы объективті пікір айта алмайды. Себебі сол ұйымдастырушылар сол телеарна қызметкерлерінің жолын, тамағын, жататын жерін төлеп беріп отырады.

Цыбулиннің «Qazsport» телеарнасының басшысы болып жүргеніне төрт жылдай болып қалды. Меніңше, оған қызметінен өз еркімен кету қажет. Басқа жобаларда, басқа қызметтерде бағын сынап көрсін. Себебі қазір «Qazsport» телеарнасында рейттинг те, абырой да қалмады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер